Мәселен, алдымен мешітке келуге ниет еткеннен кейін толықтай дәрет алыңыз. Киіміңізге баса назар аударыңыз. Күнделікті көшеге киетін киімдеріңізді емес, мешітке лайықты киіміңізді кигеніңіз абзалырақ. Ұзын етекші, қол-аяғыңыз жабық әрі басыңыз да жабық болуы керек. Яғни, сіз Алланың үйіне келе жатқаныңызды іштей сезінуіңіз арқылы сыртыңызда соған лайықты болғаны дұрыс.
Дегенмен, әйелдің құлшылық жасайтын ең абзал орны – өзінің үйі.
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): хадисінде де әйел адам үшін үйде оқылған намаздың 27 есе артық екендігі айтылған. Бірде Умм Хумайд (оған Алла разы болсын): «Уа, Алла Елшісі, мен сенің артыңда ұйып намаз оқығым келеді», – дейді.
Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған бұл – мәлім жайт, алайда, үйіңнің оңаша бұрышында оқыған намазың – жабық бөлмеде оқыған намазыңнан, ал жабық бөлмеде оқыған намазың – аулаңда оқыған намазыңнан жақсы. Өз аулаңда оқыған намазың – жақын маңдағы мешітте оқыған намазыңнан артық...»– деген.
• Тағы бір хадисінде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйелдердің ең жақсысы – өз үйлерін мешіт етіп алғандары»,[2] – деген. Ал ерекше жағдайдағы (үзірлі) әйелдер бұл түні Құран да, намаз да оқи алмайды. Есесіне, олардың мұсылманның қаруы мен қалқаны болған дұға жасауға мүмкіндіктері бар.
• Олар намаз оқымағанмен, «Субханалллаһ», «Әлхамдулилләһ», «Аллаһу Әкбар» деген зікірлер мен «Астағфируллаһ» деп Алладан кешірім тілеп отыруларына болады. Қадір түнінде мына дұғаны айтқан жөн:
«Иә, Алла, расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Ендеше, мені кешіре гөр!” Аллаһуммә иннәкә ъафу-ун тухиббул-ъафуә, фәъфу ъанни.