"Ұлықбек Асанбаев Хусановқа 350 000 долларлық көлік сыйлады деп жатырмыз. Ол Хусановтың агенті бұл – оның жеке шаруасы дейтін шығар. Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Асанбаев – Қазақстанда бірнеше футболшының агенті әрі біраз клубпен жұмыс істейді. Бізден біраз ақша істеп отырған адам.
Біздегі футбол клубтарының ақшасы негізінен екі жолмен шығады: біріншісі – футболшылардың жалақысы, екіншісі – агенттерге берілетін ақша. Демек, Хусановқа сыйланған 350 000 доллардың ішінде бюджеттен бөлінген біраз қаржы болуы мүмкін. Бұл ақшаға Қазақстанның ауыр науқас балаларын емдеуге де болар еді.
Бұрынғы басшылық кезінде Асхат Тағыберген, Евгений Макаренко және Сергей Малый 20 миллион теңгеден айлық алып келген. Қазір клуб бюджеті қысқарып, басшылық ойыншыларға жалақыны азайту туралы ұсыныс жасады. Басқа футболшылар келісімін бергенімен, бұл үшеуі 20 миллион теңгеге лайықпыз деп отыр.
Футболшылар мен агенттердің табысы ашық болғаны дұрыс. Шымкентте бюджет қаражатына қатысты ашықтықты талап еткен бастама көтерілді. Бұл – өте дұрыс қадам. Біз еуропалық футболшылардың жалақысын білеміз, бірақ өзіміздің бюджеттен қаржыланатын ойыншылар мен агенттерге төленетін қаражат құпия.
Миллиондаған қаржы кімнің қалтасына кетіп жатыр? Бюджеттен бөлінген ақша футболды дамытуға жұмсалуы керек, жеке біреулердің байлығын арттыруға емес. Агенттер мен ойыншыларға миллиондап ақша таратуды тоқтатып, нақты нәтиже талап ететін уақыт келді