Халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері, «Ән әліппесі» балаларға арналған әндер жинағының авторы, «Қарлығаш» балабақшасының музыка жетекшісі Әсем Таңатқанқызы Құрмансейтова дәстүрлердің бала тәрбиесіндегі рөлі туралы өз пікірімен бөлісті:
«Бала отбасында дәстүрді көріп өссе, ол оның жеке тұлға болып қалыптасуына және қоғамға пайдалы азамат болып өсуіне ықпал етеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мысалы, «Қыз еркем, анасымен көркем» сайысында анасы мен қызы ұлттық тағамдар мен әшекейлер туралы айтып, көрсету арқылы дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Сондай-ақ, «Шебердің қолы алтын» сайысында ата-аналар балаларымен бірге жасаған бұйымдарын таныстырып, ұлттық өнерге қызығушылықты арттырады. Осындай шаралар арқылы балалар қазақтың мәдениеті мен өнерін тереңірек түсініп, дәстүрге құрметпен қарайтын болады», – деді ол.
Бүгінгі қоғамда жаһандану үдерісі жүріп жатқандықтан, балалардың салт-дәстүрлерге қызығушылығы азайып бара жатқаны жасырын емес. Дегенмен, ұлттық құндылықтарды жаңа заман талабына сай жаңғырту арқылы оны балалар үшін тартымды етуге болады.
Мәселен, қазақтың ұлттық ойындарын балабақша мен мектеп бағдарламасына енгізу – дәстүр мен заманауи тәрбиенің үйлесімділігіне жақсы мысал бола алады. Ұлттық ойындар баланың ойлау қабілетін дамытып, топпен жұмыс істеуді үйретеді. Сонымен қатар, күй тыңдау, халық әндерін айту, қазақтың аспаптарын таныстыру сынды шаралар балалардың рухани әлемін байытып, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттырады.
Қазіргі уақытта балалардың дәстүрлерге қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі инновациялық тәсілдер қолданылады. Ақпараттық технологиялар, мультфильмдер, интерактивті ойындар арқылы балаларды ұлттық құндылықтарға баулу – заман талабына сай келетін тиімді әдістердің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесінің ұлттық бірлікті нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті. Президент өз сөзінде:
«Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, татулық пен бірліктің бастауы. Бұл мереке – халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптейтін, жас ұрпаққа рухани тәрбие беретін ұлы мейрам», – деп атап өтті.
Шынында да, Наурыз – салт-дәстүр мен тәрбие қайнары. Ұлттық ойындар ойнап, қазақша ән мен күй тыңдаған бала өз мәдениетін мақтан тұтып, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.
Қазақ халқы үшін Наурыз тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін ерекше мейрам. Бұл күндері ұлттық киім киіп, қазақы дәстүрлерді жаңғырту арқылы балалар ұлттық рухты сезінеді.
Балалар ұлттық мерекеге қатысқан сайын өзінің кім екенін, қандай ұлттың өкілі екенін сезіне түседі. Киіз үй, ұлттық тағамдар, күмбірлеген домбыра үні – мұның барлығы баланың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға көмектеседі.
Ата-аналар да бұл үрдістен тыс қалмауы тиіс. Балалардың ұлттық киімін дайындап, мерекелік іс-шараларға белсенді қатысуы – олардың дәстүрге деген қызығушылығын арттырады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуде отбасының рөлі ерекше екенін ұмытпаған жөн.
Наурыз мерекесін қызықты әрі танымдық ету үшін бүгінде түрлі инновациялық тәсілдер қолданылуда. Ақпараттық технологиялар мен заманауи оқыту әдістерін енгізу арқылы дәстүрлі мерекелерді балалар үшін тартымды етуге болады. Ұлттық киімдер киіп, қолөнер көрмелері мен сән көрсетілімдеріне қатысу – балаларды дәстүрге баулудың тағы бір тиімді жолы.
Наурыз мерекесі – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға да үлкен мүмкіндік береді. Өнерлі балалар ән айтып, би билеп, өздерін сахнада еркін ұстап үйренеді. Бұл олардың бойындағы дарынды ашып, өзіне деген сенімділікті арттырады.
Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды үйрету арқылы балалардың эмоционалдық интеллектісі де дамиды. Қазіргі заман ата-аналары баланың IQ деңгейіне көбірек мән бергенімен, оның эмоционалдық интеллектісі – болашақ өміріндегі табыстың маңызды факторы. Эмоционалдық интеллекті жоғары бала айналасындағы адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алады.
Технологиялардың дамуы ұлттық дәстүрлерді сақтауға да мүмкіндік береді. Мультфильмдер, мобильді қосымшалар, анимациялық роликтер арқылы дәстүрлі құндылықтарды балаларға заманауи форматта жеткізуге болады.
Ендеше, ата-бабамыздан қалған асыл мұра – ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеп, оларды заманауи тұрғыда насихаттау – біздің басты міндетіміз. Наурыз мерекесі осы құндылықтарды жаңғыртып, қазақ халқының бай мәдениетін болашақ ұрпаққа жеткізудің тамаша мүмкіндігі.