Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
18 наурыз, 2025 / Аман ШАМАР / Сұхбат

«Ұлттық ат спортынан алыстамасақ екен» - атбегі

Ата-бабамыздың өмірі ат үстінде өтті, - деп хабарлайды newsroom.kz

«Ұлттық ат спортынан алыстамасақ екен» - атбегі
Фото: kaz.caravan.kz

Ата-бабамыздың өмірі ат үстінде өтті. Соған сай, халқымыздың танымы да, тарихы да Қамбар ата тұқымымен тікелей байланысты. Әйтсе де, қазір бұл байланыс үзіліп бара жатыр... Осы орайда, біз 2016 жылы құрылған Қызылқоға ұлттық спорт түрлері және облыстық «БӘЙГЕ» федерацияларының жетекшісі, «Ақ жол» партиясының Қызылқоға аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Қайырбек Баймұратовпен тілдесіп, мәселенің мәнісін сұраған едік. 

Бизнестен – бәйгеге!

– Әңгіменің әлқиссасын өзіңізден бастасақ...

– Өзім көпбалалы әкемін. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрдім. Сонау тоқсаныншы жылдардың тоқырауына қарамастан ауылдан кәсіп ашып, тон тігумен айналысқан алғашқы кәсіпкермін. Кейін цех пен құрылыс дүкендерін аштым. Бүгінде өзім тұрып жатқан ауданда газ құю бекеті, пластикалық терезе жасайтын цехтар, ауылшаруашылық нысандар, мейрамхана мен дәмханаларым бар. Қырыққа тарта тұрғынды жұмыспен қамтып отырған көпсалалы бизнес иесімін. Сондай-ақ, аудандағы қоғамдық кеңес мүшесімін.

– Ал, атбегілікке қалай келдіңіз?

– Бала кезімде әжем өзінің Дүйсенғали деген атасы алашқа аты мәлім атбегі болғанын айтып отыратын. Ол Қызылқоғаның қасиетті топырағында ат шаптырғанда дүйім жұрт жаппай жинала қалады екен. Оның атбегілік өнеріне сырт елдегілер де таңқалып, тәнті болыпты. Ендеше, маған да осындай дарын дарыса керек. Олай дейтінім, алғаш рет 2017 жылы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың кубогін иеленіп, автокөлік ұтып алғаным бар. Міне, осылай жүргенде маған бір ой келді. Неліктен жергілікті қазына қаржысына мұнайлы өлкемізде тұрақты түрде ұлттық спорт бәсекелерін өткізбеске? Бұған ешқандай кедергі жоқ. Тек қажетті қаражат бөлініп отырса болғаны. Көзді жұмып қойып Ресейден ат әкеліп, баптауды бастап кеттім!

Рас, көп уақыты бизнес саласына кетсе де, жылқы жануарына деген қызығушылығым мен құлшынысым зор еді. Бұл тек менде емес, әр қазақтың қанында бар деп ойлаймын. Жалпы, төрт түліктің ішіндегі ең ерекшесі – жылқы. Оны мінсең – көлік, ішсең – сусын, жесең – азық. Қазақ – ат баптаған, ар сақтаған халық. Ат баптайтын үйде береке болған. Қазіргі уақытта аса қажет сабырлық, тыныштық пен тұрақтылық –жылқы мінген жанның бойынан табылған деседі. Бұның бәрі бос сөз емес, «халық айтса, қалт айтпайды» дейді. Ендеше, өткенімізді жаңғыртып, өшкенімізді жандыратын уақыт жетті. 

«БӘЙГЕ» федерациясы құрылды

– Облыстық «БӘЙГЕ» федерациясын» құрыпсыз...

– Иә, арнайы ккредитациядан өтіп, батыс өңірлік және республикалық ашық бәйге жарыстарын бастап кеттік. Жасыратыны жоқ, республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда, бізде ат спорты кенжелеп қалды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қолдан келгенше жұмыстанып жатырмыз.

Атап айтқанда, өңірдің өзінде демеушілердің қолдауымен тегін үш бәйге өткіздік. Ал, ақылы бәйге өткізу өте тиімсіз. Өйткені, құлшынысы зор, қаражаты жоқ тұрғындар бар. Тұлпарлары да жер тепкілеп тұр. Бірақ, жағдайы жетпейді. Сондықтан бәйгенің бәрі тегін өтуі керек. Осындайда мемлекеттік қолдаудың маңызы зор.

– Ендеше, Атырауда ат спортын дамытуға не кедергі?

– Өкінішке қарай, Атырауда бәйге өткізу бағытында әлеуметтік тапсырыс негізінде жарияланатын байқауды ат шаптыратын ипподромы бар қатысушы ғана жеңіп алады. Сәйкесінше, сол бір ғана қатысушыдан басқаға қаражат бөлінбейді деген сөз. Алайда, ол қатысушы да жарысты өзге өңірлерде өткізеді. Сөйтіп, ұтып алған қаражатпен жол шығынын жапқанын көрсетіп есеп береді. Бұлай болмайды ғой... Ат спортын басқа жерде емес, Атырауда дамыту керек! Олай болса, жарыстың бәрі жергілікті жерде өтуге тиіс деп ойлаймын.

Рас, мойындаймын, өзімде әзірге дайын ипподром жоқ. Бірақ, бұл үшін әкімдік тарапынан жер учаскесі бөлінсе, қалған жұмысты ұйымдастыруға дайын екенімді айтқым келеді. Әзірге Миялы ауылында бос тұрған әкімдіктің бір жер бөлігі бар. Соны да кәдеге жаратуға болады. Өйткені, бұл ауыл облыс орталығы мен көршілес өңірлердің дәл ортасында орналасқан. Яғни, тұрақты бәйге өткізуге өте ыңғайлы.

– Яғни, ұлттық спортты ұлықтау үшін мемлекет қаржысын молынан пайдалануға болады дегіңіз келе ме?

– Әрине! Әлеуметтік тапсырыс негізінде ұсыныс беріп, порталға жарияланған байқауды ұтып алғымыз келеді. Мақсат – аз ақшамен көп іс тындыру. Яғни, менің көздегенім бәйге арқылы табыс табу емес, жас буынға ат спортын насихаттау. Себебі, қазіргі жастар аттың ауылынан алыс. Жылқыға мінбек түгілі үркіп қарайды. 

Бір жағынан, өңірде ұлттық спорт салтанат құратын болса, қоғамның біраз бөлігі пайдасыз теріс әдеттерден де тыйылар еді. Бәйгенің буына беріліп кеткен жан құмар ойынды да, басқасын да ұмытып кетеді.

алтын тұлпар

– Осы мәселе бойынша өзіңізді аймақ басшысы да қабылдаған екен...

– Жоспарланған жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуметтік тапсырыс негізінде жергілікті қазынадан қаражат бөлінуі қажет. Жақында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қабылдауында болып, осы мәселені көтердім. Аймақ басшысы қолдау көрсетуге ниетті екенін және алдағы уақытта бұл салаға зор көңіл бөлінетінін де жеткізді. Енді тек заңға сәйкес ұсынылған жобаларды қорғап шығу ғана қалып отыр.

Бәйге аяқ астынан емес, күнтізбелік кесте бойынша өтсе, дайындалуға уақыт болады. Бұл ретте, шүкір, елімізде мерекелі күндер мен маңызды даталар жетерлік. Солардың әрқайсысына арнап бәйге ұйымдастыруға болады. 

– Президент «Жаңа Қазақстан» деген ұранды алға тастады. Сіздіңше, көне спорт түрі жаңа заман талабына жауап бере ала ма?

– Көнеден келе жатса да, ұлттық құндылығымыз – ат спорты да бүгінгі уақыт талабымен толықтай үндеседі деп ойлаймын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жас ұрпақты ұлттық спортқа баулу – өте маңыздыекенін айрықша атап өтті. Осылайша, олардың қандай қиындыққа да қасқайып қарсы тұра алатын жылқы мінезді, арыстан жүректі болып өсуіне қазірден ықпал етуіміз керек. 

– Өзіңізге белгілі, қазір ит-мысыққа дейін құжаты бар. Ал, қазақтың сәйгүліктерінде бар ма?

– Сауалыңыз өте орынды. Бес мың жыл бойы ата-бабамыз ат үстінде жүріп Атыраудан Алтайға дейін созылған ұлан-байтақ жерді жаудан қорғап қалды дейміз. Бірақ, сол аттарға селекциялық сұрыптау жұмыстарын әлі күнге дейін жүргізбеген екенбіз. Осыны ескеріп, бір топ жанашыр азамат жиналып, «Qazaq Golden Steed» («Қазақтың алтын тұлпары») компаниясын құрдық. Ол Қазақстанда туылған бәйге аттарын сұрыптап, жан-жақты насихаттаумен айналысады. Мақсат – қазақтың сәйгүлігін әлемдік деңгейге шығару. Компанияның ресми сайтын да жасақтап қойдық. Оған кіріп, әр аттың тұқымы мен тегі, қашан, қайда, қандай жарыстарға қатысқаны жөнінде толық ақпарат алуға болады.

Қымбат сәйгүлікті саудаға салғанда да оның асыл тұқымды екенін осы құжат арқылы дәлелдей аласың. Мәселен, қазірдің өзінде қырғыздар біздің елден осылай 15 тай сатып алды. Небәрі бір жаста болса да, бағасы 3 миллион теңге дейін барады. Болашақта аттар тек осындай тұлқұжат негізінде ғана шабатын болады. Есесіне, шетелден ат қостырып әуре болмаймыз. Жылқының жауһарын өзімізден шығаратын боламыз. Сонда қарайған қаражат өз жерімізде қалады деген сөз.

Қазақтың қандай қасиеті бар?

– Қазір 300 жылдан аса уақыт сұрыпталып келе жатқан ағылшын аттары ең жүйрік деп саналады. Ал, қазақтың сәйгүлігі ше?

– Еуропада бәйге аттары 1-3,2 км аралығында шабады. Ал, бізде сол аттар сұрыпталып, 51 шақырымға шабуда. Барлығы аң-таң! Еуропалық атбегілердің көкейінде тек бір-ақ сұрақ сайрап тұр: «Қазақтардың қандай қасиеті бар?» Міне, «қазақ – қанымыз, жылқы – жанымыз» деген осы.

– Қазақ халқы жылқының жанын түсінетін психолог секілді дейсіз ғой?

– Дәл солай! Біздің халық жылқыны жанындай жақсы көріп, балаша баптайды ғой, шіркін! Тіпті, асқа тәбеті болмай қалса да, соның себебін іздеп, ой түбіне батып кетеді. Атының көңіл-күйін қас-қабағынан-ақ біліп отырады.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату