Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

ПЦР тест адамды клондау үшін ойлап табылған ба?

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлері ПЦР-тестті COVID-19 анықтау үшін емес, адамды клондау мақсатында қолданады деген мазмұндағы видеоны бөлісіп жатыр. Желіде тараған ақпаратта мұны АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау институты (NIH) мойындағаны туралы айтылған. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды newsroom.kz.

ПЦР тест адамды клондау үшін ойлап табылған ба?
сурет: ашық дереккөзден

Stopfake.kz порталының жазуынша, бұл мәлімет жалған. Мұндай қауесетті америкалық гомеопат Арияна Лав таратқан. Ол өзін медицина саласында зерттеу жүргізетін журналист ретінде таныстырады және түрлі қастандық теорияларын қолдайды. Оның айтуынша, вакциналар халықты чиптеу және жою үшін жасалған.

Лавтың тағы бір даулы мәлімдемесі бойынша, COVID-19 вакцинасындағы антиген – "сібір жарасының" жетілдірілген түрі. Ол екпенің "зиянды әсерін" жою үшін арнайы "детокс-протоколдар" жасап шығарған. Оның медициналық білімі жоқ екенін ескерсек, 45 минуттық онлайн кеңесіне 390 АҚШ долларын сұрауы күмән туғызады. Бұл бағаға тек жеке жоспар құру кіреді, ал қажетті қоспалар мен дәрі-дәрмектер бөлек сатылады.

Арияна Лав ПЦР-тест арқылы адамды клондауға болады деген тұжырымын АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау институтының сайтында жарияланған зерттеуге сүйене отырып дәлелдеуге тырысады. Алайда бұл зерттеу тек гендерді молекулалық деңгейде клондау әдістерін түсіндіреді, ал бұл репродуктивті клондаумен еш байланысы жоқ.

Associated Press агенттігі осы тақырып бойынша зерттеудің бірлескен авторы Саед Шахабуддин Хосейниден пікір алды.

"Репродуктивті клондау мен гендерді клондау – мүлде екі түрлі процесс. Олардың атауы ғана ұқсас. Бұл – алма мен апельсинді емес, алма мен ұшақты салыстырумен тең", – деп түсіндірді Хосейни.

ПЦР-тест COVID-19 вирусының генетикалық материалын анықтауға арналған. Бұл тест вирустың ДНҚ немесе РНҚ фрагменттерін көбейтіп, оны анықтауға мүмкіндік береді. Ал репродуктивті клондау үшін тірі жасушаның толық ядросы қажет.

Мысалы, әлемдегі ең алғашқы клондалған сүтқоректі – Долли қойын жасау кезінде ғалымдар жануардың жасушасынан ядро алып, оны басқа аналық жасушаға енгізіп, жасанды түрде эмбрион қалыптастырған. Ол суррогат қойдың ішінде өсіп-жетілген. Бұл әдіс 1997 жылы ресми түрде жарияланған.

Ал ПЦР-тест кезінде алынған генетикалық материалда жасуша ядросындағы маңызды элементтер – ақуыздар, минералдар мен витаминдер болмайды. Сондықтан тек осы тест арқылы адамды клондау мүмкін емес.

Қорытындылай келе, ПЦР-тест адамды клондау үшін емес, COVID-19 вирусын анықтау үшін қолданылады. Репродуктивті клондау үшін бүтін жасуша ядросы қажет, ал ПЦР-тест оның орнын баса алмайды.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату