Қазақстанның бірқатар өңірлерінде күннің күрт жылынуына байланысты су тасқынына қарсы шаралар күшейтілді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, қауіпсіздікті арттыру және тасқыннан келетін зиянды азайту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Астана: Қалада азаматтық қорғаныс органдары мен коммуналдық қызметтер жоғары дайындық режимінде жұмыс істеуде. Қыс басталғалы бері елордадан 7,4 миллион текше метрден астам қар шығарылып, 57 мың метрден астам арық-лоток жүйелері тазартылды. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері әкімдік өкілдерімен бірге Нұра өзені мен Ұлы Дала даңғылы маңындағы қар полигондарын тексеріп, Есіл өзенінің қалалық бөлігін аралады.
Абай облысы: Аймақта қардың қалыптан тыс көп түсуіне байланысты кейбір аудандарда жауын-шашын нормадан екі есе артты. Әсіресе Үржар және Мақаншы өңірлерінде жағдай күрделі. Осыған байланысты бұл аудандарға ТЖД қызметкерлері мен ҚР ТЖМ 68303 әскери бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды.
Батыс Қазақстан облысы: Өңірде қар шығару, еріген суды сору, құм толтырылған қаптар қою және өзендердегі мұзды жару, кесу жұмыстары жүргізілуде. Байтерек, Сырым және Қаратөбе аудандарында құм қаптарын төсеу шаралары күшейтілді. ТЖМ 20982 әскери бөлімінің құтқарушылары өзендердегі су деңгейін тәулік бойы бақылап отыр.
Қостанай облысы: Қостанай-2 шағын ауданында су тасқынына қарсы штаб құрылып, ол жағдайды бақылау және қажет болған жағдайда шұғыл әрекет ету орталығы ретінде жұмыс істейді. Әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың ауласын қардан тазарту жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ су тасқыны кезінде маңызды нысандарды қорғау үшін құм қаптар әзірленіп, мотопомпалар мен басқа да арнайы техникалар дайындалды.
Павлодар облысы: Баянауыл ауданында ықтимал қауіптерді анықтау үшін ТЖД қызметкерлері жұмыс жүргізуде. Бухар-Жырау ауданында "Ақжар" және "Қаратөбе" бөгеттерінің техникалық жағдайын тексеру жоспарланған. Ақтоғай ауданының Жамбыл ауылында Талинка өзенінің арнасын тереңдету жұмыстары жүргізіліп, 7,8 км қазылды. Ал Жалаулы ауылында 2000 метрлік қорғаныс бөгеті салынды. Сонымен қатар, 200 мың текше метр еріген суды жинауға арналған үш котлован қазылды. Ақсу қаласында Сәтбаев және Степная көшелерінің маңында ұзындығы 1971 метр жасанды бөгет тұрғызылды.
Солтүстік Қазақстан облысы: Өңірде елді мекендерді су басу қаупін азайту үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. ТЖД мамандары әскери қызметкерлермен бірге қорғаныс бөгеттерін нығайту шараларын жүзеге асырып жатыр. 52859 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері жұмылдырылып, жағалауларды бекіту үшін 1900 қап төселіп, 180 метрлік аумақ полипропилен материалдарымен күшейтілді.
"Қазгидромет" мәліметінше, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күн күрт жылынып, түнгі уақытта да ауа температурасы оң көрсеткіште қалып отыр.