Іс-шара барысында TurkAI – түркі мемлекеттерінің жасанды интеллектшілер қауымдастығының құрылғаны хабарланды. Сондай-ақ салалық «AI-hub» компаниясы мен ai-hub.kz сайты таныстырылды.
Алматыда өткен кітаптың таныстырылымына халықаралық сарапшылар ғалымдар, зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, медиа, білім және технология саласының белгілі тұлғалары мен мамандары қатысты.
Белгілі журналист, қаламгер, публицист әрі еңбектің редакторы Қайнар Олжай жасанды интеллект деген не деген сауалға толық жауап беретін кітаптың өте сауатты жазылғанын, қазақ оқырманына ауадай қажет екенін атап өтті.
"Ал жасанды интеллекті қалай жұмсау керек" дегендер үшін толық тәжірибелік курс қамтылған. Ой ісіндегі қолғанатқа сан салада берілетін тапсырма (оны "промпт" дейді екен) толық тізілген. Шекесінен шертіп алып қолдана бересіз»,-деді.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, Кембридж Университетінің түлегі Гүлмира Қанай болса, «Білім беру саласында өзгерістерді жасайтын бірден-бір фактор технология. Аталған кітап, отандық ғылым мен білім саласының жаңа өзгерістерге бейімделуінде маңызды қадам деп санаймын»,-деді.
Сондай-ақ белгілі медиа менеджер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жалауқызы, белгілі әдебиеттанушы ғалым Мамай Ақетов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті деканы Қанат Әуесбай өзге де қатысушылар өз лебіздерін білдірді.
Кітап туралы белгілі педагог Өмірбек Шыныбекұлы да «Осы кітапты Оқу-ағарту министрлігінің сарапшылары қарап шығып, қосар-алар тұстары болса, автормен жұмыс істеп, мектептерге тарату керек. Жасанды интеллект дәуірінде оны дұрыс қолдану, промптарды дұрыс жазу әдісі маңызды деп ойлаймын»,-деп салалық министрге ұсыныс жасаған болатын.
Кітап Орталық Азия елдерінде жасанды интелект саласына қатысты алғаш шыққандықтан Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен аударуға ұсыныстар түскен.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Түркі дүниесі Жазушылар Одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет әлемде қазір ең маңызды салаға айналған жасанды инттелект бойынша да бауырлас елдердің де алатын өз еншісі бар екенін айтты.
Іс-шара аясында жаңа құрылған «AI-HUB» компаниясының мақсаты айтылды. Оның басшысы Ержанар Әшейханның сөзінше, компания – жасанды интеллект, IT, кибер және ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттық және цифрлық технологиялар, сондай-ақ биотехнологияларды зерттеу мен дамытуға бағытталған бірегей ұйымға айналуды көздейді. Негізгі мақсаты – озық технологияларды түрлі салаларға енгізу, халықтың цифрлық және ақпараттық сауатын арттыру, сондай-ақ салалық стартаптарды қолдау.
Жасанды интеллектке қатысты алғаш рет оқулық басып шығарған Ai-Hub publishing баспасы болса, алдағы уақытта жаратылыстану, IT мен жасанды интеллект саласына қатысты әлемдегі танымал кітаптарды қазақша аудармақ. Сонымен қатар, сала ғалымдары, мамандарымен бірлесе отырып балаларға, оқушылар мен студенттерге арналған оқулықтар мен әдістемелер әзірлеуді көздеп отыр. Сондай-ақ жасанды интеллект терминдерін жасау мен энциклопедиясын қазірден бастап дайындауды қолға алмақ.
Сондай-ақ «AI-HUB» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Нұрболат Нышанбаев түркі мемлекеттері жасанды интеллект саласы өкілдерінің басын қосатын TurkAI қауымдастығы құрылып, бауырлас елдермен бірлескен жұмыстар күшейтілетіні хабарланды. Жиынға Түркі елдерінен және Еуропадан жасанды интелект саласында жұмыс істейтін компания басшылары онлайн қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Түркияның Robotzade технологиялық компаниясы директоры Мерт Доған Түркі мемлекеттерінің жасанды интеллект ассоциациясының Қазақстанда құрылуының өзі маңызды оқиға деп атап өтті.
«Түркі халықтары арасындағы байланыс тек, саясат пен экономикада ғана емес, сонымен қатар білім, ғылым және технология салаларында да өте мығым болуы қажет деп санаймын. Қазақ тілінде тұңғыш жарияланып отырған, «Жасанды интеллект әліппесі» еңбегімен құттықтаймын. Бұл кітап, тұтас Түркі дүниесі үшін өте зор маңызға ие»,-деді.
«Жасанды интеллекті саласында алғашқы қазақ тіліндегі кітаптың жариялануы тұтас аймақ үшін өте маңызды қадам. Қазақстанда, құрылып, тұтас аумақты қамтуды мақсат етіп отырған АI-Hub компаниясына сәттілік тілеймін!», -деді Біріккен Араб Әмірлігінің AI Global компаниясы өкілі Аммара Афтаб.
Шотландияның AI-Tech solution LTD компаниясының бас директоры Роберт Сим: «Соңғы жылдары, жасанды интеллекті бүкіл әлем бойынша өмірдің барлық салаларына кіруде. Бізге бірлесіп көптеген жетістіктерге жетуге болады. Алдағы уақытта Қазақстанның AI-Hub компаниясымен ортақ жобаларымызды жүзеге асыратымызға сенімім мол»,-деді.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта кітаптың тұсаукесері Астана қаласы мен барлық облыс орталықтарында өтетінін хабарлады.