Солардың бірі – Жаңақорған ауданына қарасты Өзгент ауылы. Ол ауылда 1800-ден астам адам тұрады. Бұл бастаманы ауыл ақсақалдары көтеріп, кәсіпкерлер қолдау білдірді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бүгінде мұнда алкоголь өнімдері сатылмайды. Сатушы Зияда Ядығарова спирттік ішімдіктердің болмауы кәсіпке ешқандай кері әсерін тигізбейтінін жеткізді. Оның сөзінше, ауыл жастары ішімдік ішпейді, барлығы еңбекпен айналысады. Мал және егін шаруашылығына ден қойған. Олар дүкенге тек азық-түлік алу үшін келеді екен. Сонымен қатар, мұнда сүт өнімдеріне, әсіресе шұбат, қымыз және айранға сұраныс жоғары.
Жергілікті тұрғындар Өзгент ауылының спирттік ішімдіктерді сатудан және тұтынудан шамамен 10 жыл бұрын бас тартқанын айтады. Бұл ережені тек ауыл халқы ғана емес, қонақтар да сақтайды. Ақсақалдар кеңесінің себебімен қылмыс пен ажырасу деңгейі мүлде жоққа дейін төмендеген. Айта кетейік, бұл бастаманың көпшілігі мұсылмандар үшін құрметті болған Рамазан айында бастау алған. Берекесін сезінген ауыл тұрғындары игі бастаманы ары қарай жалғастырған.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 18 ауыл салауатты өмір салтын ұстанатын елді мекендер қатарына енді. Олардың кейбірінде соңғы үш жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.