Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ел бойынша 1223 елді мекен су тасқыны қаупі бар аймақтарда орналасқан

Ел аумағындағы 400-ден астам гидротехникалық нысанның жарылуы 530-дан астам елді мекен мен 1,3 миллионнан астам адамның өміріне қатер төндіруі мүмкін, - деп хабарлайды newsroom.kz

Ел бойынша 1223 елді мекен су тасқыны қаупі бар аймақтарда орналасқан
2024 жылғы Қазақстандағы су тасқыны

Ел аумағында 400-ге жуық гидротехникалық нысан бар, олардың жарылу қаупі 530-дан астам елді мекенді су басуына әкелуі мүмкін. Бұл елді мекендерде 1,3 миллионнан астам адам тұрады. Су тасқынына дайындық пен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында талқыланды.

Партия өкілдері атап өткендей, ел бойынша 1223 елді мекен су тасқыны қаупі бар аймақтарда орналасқан. Республика аумағындағы 1395 тірек гидротехникалық нысанның 564-і жөндеуді қажет етеді, ал 20-сы апаттық жағдайда тұр. Егер бұлар қираса, 536 елді мекенді су басып, 1,3 миллионнан астам тұрғын зардап шегуі мүмкін. Мәселен, Астана қаласының қорғаныс бөгетін қайта жаңарту жұмыстары 2020 жылдан бері жалғасып жатқанына қарамастан, әлі күнге дейін толық аяқталмаған.

«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев кей өңірлерде су тасқынына қарсы шаралардың уақтылы орындалмай отырғанын айтты. Оның сөзінше, Атбасарда былтыр жарамсыз деп танылған су өткізу құрылыстарында жөндеу жұмыстары созылып кетсе, Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше жылдан бері Есіл өзенінің арнасын тереңдету қолға алынбаған. «Мұндай мысалдар ел бойынша ондаған жерде кездеседі! Мәселе – ресурстың жетіспеушілігінде емес, бақылау мен жауапкершіліктің жоқтығында. Біз былтырғы су тасқынындағы жағдайдың қайталануына жол бермеуіміз керек», – деді ол.

Комитет отырысында қысқа мерзім ішінде су бұру арналары, арықтар мен дренаж жүйелерін толық әзірлеу және су тасқыны қаупі бар елді мекендерді барынша қорғауға алу қажеттігі айтылды. Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев қауіпті жағдайларда басты мәселе – ақпарат жетіспеушілігінен туындайтын үрей екенін алға тартты. Сондықтан әрбір бақылау бекетінің жетекшісіне нақты тапсырма беріліп, шұғыл шаралар қабылдануы тиіс.

Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Батырбек Әбдішев қазір су тасқынына қарсы жұмыстарға 37 мыңнан астам жеке құрам, 13 мыңнан астам техника, 20 әуе кемесі, 4096 су сорғы мен 640 жүзу құралы жұмылдырылғанын мәлімдеді. «Зардап шеккен халықты эвакуациялау үшін 2250 техника дайын тұр. ТЖМ күштері мен құралдары жоғары дайындыққа ие. Жағдайға байланысты шұғыл шаралар қабылданады», – деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша өңірлерге су тасқынына дайындықты жылдам аяқтау, гидротехникалық нысандардың жағдайын қосымша тексеру және партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын күшейту тапсырылды. Бұл шараларға «AMANAT» партиясынан сайланған мәслихат депутаттары, еріктілер мен белсенді азаматтар тартылатын болады. Партия өкілдерінің айтуынша, уақытылы және кешенді әрекет етілсе, өткен жылғы су тасқыны зардаптарының қайталануына жол бермеуге толық мүмкіндік бар.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату