17 ақпанда Астанада Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен Венгрияның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийяртоның кездесуі өтті. Тараптар энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында министрлер екі елдің энергетика секторындағы қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Әсіресе, «ҚазМұнайГаз» бен MOL Group компаниялары арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар екі компания бірлесіп игеріп жатқан Рожковское газконденсат кен орнын тиімді игерудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайын Венгрияға жеткізу мәселесі талқыланды. 2025 жылы сынақтық мұнай жеткізілімін жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Қазақстандық тарап, сондай-ақ, MVM Group компаниясының АЭС үшін құрғақ градирендер өндіру бойынша тәжірибесіне қызығушылық білдірді.
"Біз энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін үлкен әлеует көріп отырмыз – бұл мұнай-газ секторында да, бейбіт атом энергиясын пайдалану саласында да маңызды бағыттар", – деп атап өтті ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдіріп, қол жеткізілген келісімдерді іске асыру жоспарын белгіледі.