2021 жылдың жазында Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны 16 жасар қызының жоғалып кеткені туралы полицияға арызбен жүгінді. Бұл туралы Newsroom.kz тілшісі хабарлайды.
Ақпарат алғаннан кейін тәртіп сақшылары барлық қажетті тергеу-жедел іс-шараларын өткізді. Бірнеше жылдан кейін де аудан тұрғынының өтініші бойынша іздеулер жалғасып, нәтижесінде 2025 жылдың қаңтарында бір-бірінен айырылған анасы мен қызы қайта қауышты.
Бұл баласын ұзақ уақыт аңсаған әйел үшін қуанышты оқиға.
«Қызымның жағдайынан бейхабар болып, қара уайымға салынған күндерім артта қалды. Сіздерге рахмет!»,-деді анасы.
Айта кетейік, полиция қызметкерлері іздеу жұмыстарының нәтижесінде жоғалған қыз баланы Алматының қоғамдық тамақтану орындарының бірінде жұмыс істеп жүрген жерінен тапты. Қазіргі уақытта оның ұзақ уақыт болмауының мән-жайларын және оның хабар-ошарсыз кетуінің себептерін анықтау бойынша қажетті іс-шаралар жүргізілуде.