Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ

Мемлекет басшысы Үкімет пен өзге де құзырлы органдар алдында тұрған негізгі міндеттерді атады. Президенттің айтуынша, ең басты мәселелердің бірі – экономиканы әртараптандыру.

Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ
Ақорда

«Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент экономикаға инвестиция тарту ісінің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, Қазақстан инвестиция тарту көрсеткіші бойынша елеулі табысқа қол жеткізген. Алайда әлі де жетілдіретін тұстар бар.

«Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту», – деді Президент.

Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық келісімге көп уақыт кететінін сынға алды. Осы орайда Үкіметке бюрократияны азайтып, жедел жұмыс істеуге шақырды.

«Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал», – деді ол.