Жексембек Еркімбеков - 1966-1976 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінде өнер басқармасының бастығы, министрдің орынбасары, 1976-1987 жылдары Мәдениет министрі болып қызмет етті. Ол басшылық еткен кездері Алматы қаласында 200-ге жуық мәдениет мекемелері мен ғимараттары бой көтеріп, қала мен еліміздің мәдениетінің дамуы жолында еселі еңбек етті.
Кеште филармония құрамындағы екі ірі ұжым, дирижер Қанат Омаровтың жетекшілігімен Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуовтің жетекшілігімен Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы және де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты – Асқар Мұқият, Париждегі халықаралық байқаудың лауреаты (Гран При) - Нұргүл Нүсіпжан, Халықаралық байқаудың лауреаттары: Гүлнұр Саргизова, Ақынер Айлин, Шыңғыс Нұрғалиұлы, Аружан Төлепберген және К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған РММОМИ скрипкашылар ансамблі өнер көрсетті.
Концерттік бағдарламада композитор Серік Еркімбековтың оркестр мен хорға арналған үздік шығармалары «Шәкәрім» симфониясы, «Мәңгілік алау» балетінен пролог және тағы да басқа туындылары орындалды.