Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстанның қара жәшіктерді Бразилияға жөнелту туралы шешіміне Әзербайжан қандай пікір білдірді?

Қазақстан Ақтаудың маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағының қара жәшіктерін Бразилияның Авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жібереді. Әзербайжан бұл шешімді қалай қабылдады? Бұл ақпарат Tengrinews.kz  сайтынан аударылып беріліп отыр. 

Қазақстанның қара жәшіктерді Бразилияға жөнелту туралы шешіміне Әзербайжан қандай пікір білдірді?
Ашық ресурстардан

Апатқа байланысты қиын жағдай кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқын әрі принципті ұстаным танытты, деп хабарлайды Minval.

Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан Баку мен Мәскеу арасындағы дауда өзінің нақты сөзін айтып отыр: Астана ТМД-ның Халықаралық авиациялық комитетіне қара жәшіктерді беруден бас тартты, ол комитетті «Ресей қолдаған» деген пікір айтылуда.

«Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын апатты тергеу комиссиясы Әзербайжан және Ресей тараптарымен кеңескеннен кейін қара жәшіктерді Бразилиядағы (CENIPA) авиациялық оқиғаларды тергеу орталығына жіберетінін мәлімдеді. Бұл шешім – Президент Тоқаевтың дәл осы мәселеде Бакудың жағында екенін анық көрсетеді. Қазақстан Мәскеуден көрініп отырған зор қысымға қарамастан, объективті тергеуге және кінәлілерді әділ жазалауға мүдделі екенін растады, сөйтіп жанама түрде Бакуды қолдады», – деп жазады әзербайжандық БАҚ.

Сарапшылардың пікірінше, осындай қадамнан кейін Қазақстанның Әзербайжан ішіндегі беделі біршама өскен.

«Егер дәл қазір Баку көшелерінде сауалнама жүргізілсе, Қазақстан, бәлкім, Түркиядан кейінгі ең жақын әрі достық қарым-қатынас орнатқан ел болып шығуы мүмкін. Тіпті, егер бүгін адамдар көшеге шығып, қолдау білдіруге ниеттенсе, олар сөзсіз Қазақстанның туын өздерімен бірге алып шығатын еді. Бұл Қарабахтағы соғыс кезінде Бакуда Түркия, Израиль және Пәкістан туларының жиі көрінуіне ұқсас жағдай болар еді», – делінген жарияланымда.

Бұған дейін Әзербайжан президенті Қазақстанға алғыс айтып, былай деген:

«Бұл ауыр сынақтан кейін біздің Қазақстанмен достығымыз бен бауырластығымыз одан әрі беки түсті».

Minval атап өткендей, Әлиев осы мәселе бойынша ең дұрыс шешім қабылдаған Қазақстаннан нақты кепілдік алған.

«Астана шынайы түркілік ынтымақтастықты көрсетті. Сондай-ақ Астана Бакудан кейін Кремльде көптен бері айтылып келгендей, Қазақстанды Ресейдің серіктес-сателлиті деп санау – қате түсінік екенін дәлелдеді. Бұл енді ескерілмей қоймайды», – делінген басылымда.

Euronews жазғандай, Қазақстан Әзербайжанның 25 желтоқсанда Ақтау маңына шұғыл қонуға талпынған кезде апатқа ұшыраған «Әзербайжан әуе жолдары» компаниясының №8432 рейсін ашық тергеу жөніндегі талабын қолдады.

«Бакуде ұшақ Грозный маңында ресейлік “жер-әуе” санатындағы зымыранмен атып түсірілді және оған жақын маңдағы екі ресейлік әуежай апаттық қонуға рұқсат бермегендіктен, Каспий теңізі арқылы ұшуға бұйрық берілді деп мәлімдейді», – деп жазылған мақалада.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Қазақстанның апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін CENIPA-ға тапсыру туралы шешімі – сыртқы қысымды бейтараптандырып, халықаралық қауымдастық сенім артатын бейтарап сараптама жүргізуге бағытталған принципті қадам.

«Президент Тоқаев Әлиев және Путин президенттерімен сөйлесіп үлгеріп, Ресей мен Әзербайжан арасындағы қатаң дауда бейтарап арағайын ретінде объективті тергеуге жауапкершілік алғаннан кейін, осындай шешімді ең оңтайлы деп таныса керек. Мұны барлық тараптар мен халықаралық қауымдастық оң бағалайды», – деп жазды Ғазиз Әбішев өзінің Telegram-арнасында.