Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
18 желтоқсан, 2024 / Ераман Талапқанұлы / Әлем

Оңтүстік Корея президенті бүлік ісі бойынша полициядағы тергеуге келмеді

Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёльге импичмент жарияланып, өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін, ол жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты Антикоррупциялық тергеу басқармасы қозғаған бүлік ісі бойынша тергеуге келмеді. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.

Оңтүстік Корея президенті бүлік ісі бойынша полициядағы тергеуге келмеді
РИА Новости

Юн Сок Ёль жергілікті уақытпен сағат 10:00-де  Квачхондағы үкіметтік кешенде тергеуге келуі тиіс болатын. Бұған дейін біріккен тергеу тобы президент әкімшілігі мен оның резиденциясына өкілдері арқылы шақырту қағазын жеткізуге тырысқан, сондай-ақ талапты пошта арқылы жолдаған. Алайда президенттің хатшылығы мен қауіпсіздік қызметі оны қабылдаудан бас тартып, мұның олардың құзыретіне кірмейтінін алға тартқан.

Антикоррупциялық тергеу басқармасының басшысы О Дон Ун сейсенбі күні шақыртулардың әдейі қабылданбағанын мәлімдеп, құқық қорғау органдарының заңға сәйкес шара қабылдайтынын айтты. Басқарма бұл жағдайға байланысты президентке қатысты қамауға алу ордерін сұрату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұған дейін тергеу органдары ордерсіз тұтқындау және оны кейіннен рәсімдеудің дұрыс еместігін алға тартқан болатын. Сонымен қатар, құқық қорғау органы президентті қайта тергеуге шақыру мүмкіндігін қарастыруда.

Параллель түрде бұл іспен прокуратура да айналысып жатыр. Ол Юн Сок Ёльді 15 желтоқсан күні тергеуге шақырған еді, бірақ президент тергеуге келмеді. Осыған байланысты прокуратура екінші шақырту қағазын 21 желтоқсанға арнап шығарды.