Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құқық қорғау органдарының Талғар өңірінде «Хуторские» ұйымдасқан қылмыстық тобының бар екенін растамағанын мәлімдеді.
«Топты қылмыстық ұйым деп тану үшін нақты белгілер болуы қажет, алайда ондай белгілер жоқ. Әкім және осы өңірдің тұрғыны ретінде айтарым – мұндай қылмыстық топ жоқ», – деді Сұлтанғазиев.
Бұған дейін Талғарда «Хуторские» тобының басшысы деп аталған Хасан Қасымбаев ұсталған болатын. Бұл жағдай 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімінен кейін қоғамда үлкен резонанс тудырды.