Қармақшыда 106 отбасы баспаналы болды. Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін салынған 106 пәтерлік 53 жаңа тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті. Рәсімге жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жаңа пәтерге қоныстанушыларды құттықтап, өңірдің құрылыс саласының жетістіктеріне тоқталды.
«Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды, баспанамен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд. 100 млн. теңге қаралып, жыл қорытындысымен 2500-ден астам пәтер беріледі. Ұлттық жоба аясында 1154 пәтерлік 21 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 1819 пәтер, апатты үйлер орнына 135 пәтер сатып алу жоспарланса, бүгінде 1114-і сатып алынды. Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Аймақта тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 683 мың шаршы метр болса, биыл жыл соңына дейін 864 мың шаршы метрге ұлғаятын болады. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында Қармақшы ауданында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы аудан бюджеті 13 млрд. 353 млн. теңге болса, биыл 17 млрд. 825 млн. теңгеге жетіп, 25 пайызға өсім қалыптасты. Бұл қаржы аудан тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге бағытталуда. Биыл 2 млрд 100 млн. теңгеден астам қаржыға автомобиль жолдары жөндеуден өтті. Жосалы кентіндегі теміржол үстінен өтетін аспалы көпірдің құрылысын бастауға мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Тұрғындарды газбен қамтуға ерекше мән беріп келеміз. Жосалы, Төретам кенттері мен Ақай ауылдық округі «көгілдір отынға» қосылды, аудан халқының 77,5 пайызы табиғи газ қолдануда. Аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» ықшам ауданы газдандырылып, Дүр Оңғар ауылдық округінде жұмыс басталды. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтуда өткен жылы Көмекбаев, Алдашбай ахун, Қармақшы елді мекендерінде 3 жоба жүзеге асса, биыл Байқоңыр қаласында 1 жоба қолға алынды. Жаңа қоныс құтты болсын! Баспаналарыңыз бақыт пен шаттыққа толып, балалардың қуанышы еселене берсін!» – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Іс-шарада құрылыс мекемесінің мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов батасын берді.
Рәсімнен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, жиналған жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.