Осы орайда, біз қаржы саласының ардагері Қозыбақ Құлбарақовтың да пікірін білген едік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
- Соңғы бірнеше аптада валюта нарығында белгілі бір құбылулар байқалып отыр. Бұл ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен көрініс тапты. Өз басым, мұның бәріне үш негізгі фактор әсер етіп отырғанын дөп басып айта аламын. Біріншіден, соңғы айларда доллар индексі күрт өсіп кетті. Бұл инвесторлардың қауіпсіз нарыққа ауысып кетуіне әсер етуі мүмкін. Сол сияқты, кезінде доллармен алынған қарыз сомасы ұлғайып кетуі ықтимал. Одан бөлек, тәуекелділікке бару үлесі де азая түспек.
Екіншіден, әлемдік мұнай бағасы төмендеп отыр. Бұл да бюджетке едәуір әсер ететіні айтпаса да түсінікті ғой. Өйткені, біз қазба байлықтарын экспорттап отырған елміз.
Үшіншіден, көршілес Ресей рублінің әлісеруі орын алып жатыр. Мұның әсеріне келсек, Ресей өнімдері арзандап, соның салдарынан отандық өнімдер құны қымбат болуына байланысты өтпей қалуы тағы мүмкін» дейді ол бізге берген сұхбатында.
Енді қайтпек керек?
«Қазір доллар бағамы күн санап өсуде. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін көтерді. Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамының өзгеруі импорт тауарларынвң құнына әсер етуі мүмкін екенін айтты. Осы орайда, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу және кәсіпкерлерге теріс әсерін азайту – Үкіметтің басты міндеті. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру әрі барынша азайту үшін барлық қажетті шара қабылдануы тиіс. Бұл үшін Үкіметте ресурстар мен құралдар жеткілікті» дейді сарапшы.
Ал, жинақ ақшаны қай валютада сақтаған тиімді?
«Доллар өсті деп теңгемен жинаған қаражатыңызды дереу шетел валютасына ауыстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қай валютада тұрса да, қозғамаған дұрыс сияқты. Себебі, мұның бәрі де уақытша құбылыс қой. Доллар бағамы да бір ай төңірегінде белгілі бір межеге барып тоқтайды ғой. Содан кейін әлемдік қаржы нарығы қалыпқа келіп, қайтадан тұрақтана түсетіні анық» дейді Қ.Әбуұлы.