Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
29 қараша, 2024 / Перизат Ілес / Жаңалықтар

Алматыда қыста қайда барып демалуға болады?

Алда қысқы демалыс келе жатыр. Қысы ерекше Алатауда қай жерлерге баруға болатынын назарға ұсынамыз,-деп хабарлайды newsroom.kz

Алматыда қыста қайда барып демалуға болады?
Фото: Kazaknews.kz

"Шымбұлақ" тау шаңғы курорты

 Іле Алатауы шатқалында 2510 метр биіктікте орналасқан. Таудың кереметтей көрінісі, жұмсақ климаты мен шуағы мол күндердің көп болуы, қар қабатының ұзақ уақыт жатуы туристер мен тау шаңғы спорты әуесқойларын еріксіз өзіне тартады. 

Шуақты күндері Шымбұлаққа мыңдаған демалушылар ағылып келіп жатады. Шаңғышылар мен сноубортшылардың сүйікті мекеніне айналған курортта  отырғышы бар көтермелермен Талғар асуына (теңіз деңгейінен 3163 м биіктіктегі) шығуға болады.Тыныш, жайлы демалысты қаласаңыз курортта қонақ-үй, мейрамхана, боулинг және сауна моншасы бар.

«Медеу» мұз айдыны Медеу

 Іле Алатауы баурайында теңіз деңгейінен 1691,2 м биіктікте орналасқан ірі спорттық кешен. 120-дан аса әлемдік рекорттар орнатылған бұл мұз айдынына бір келіп, коноькимен сырғанау бүгінде тек қала тұрғындары емес, қонақтары үшін де дәстүрге айналған.

Үлкен Алматы көлі

 Үлкен Алматы көлі – Іле-Алатауында 2511 метр биіктікте тауда орналасқан. Бір ғажабы көл өзінің түсін жыл мерзіміне қарай ашық жасыл түстен көгілдір ақық түске өзгертіп тұрады. Мұнда адамдар көлдің сұлулығын тамашалауға, отбасылық демалысты өткізу үшін қысы-жазы жиі келеді. Үлкен Алматы шатқалында «Озерное» және «Өтпелі» деген екі шатқал созылып жатыр. Алматы-Алақыр асуынан кейін Іле-Алатауының басына мұз қатқан әсем шыңдарын тамашалай аласыз.

«Ақ бұлақ» тау шаңғы курорты

«Ақ Бұлақ» тау шаңғы  курорты –  Талғар тауларының  етегінде, теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте орналасқан. Еліктіріп әкететін табиғат көріністері, таңдаулы демалыс, атпен серуендеу, арқан жолы, тау шаңғысы және сноуборд трассалары  тәрізді қызметтер ұсынылады. Ақ Бұлақ Швейцарияның ең үздік курорттарымен бәсекелесетін, Алматы қаласының маңындағы бірегей курорттық орын. Курортта «Ақ Бұлақ» жабық мұз айдыны өзінің тегіс айдынымен қонақтарға ерекше сезім сыйлайды.