Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
21 қараша, 2024 / Перизат Ілес / Әлем

Таиландта он адамды улап өлтірді деп айыпталған әйел өлім жазасына кесілді

Таиланд соты кемі он адамды улап өлтірді деп айыпталған әйелді өлім жазасына кесті. Бұл туралы CNN телеарнасы мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Таиландта он адамды улап өлтірді деп айыпталған әйел өлім жазасына кесілді
Фото: Егемен Қазақстан

Үкім сәрсенбі күні Бангкокта оқылды. Судья шешімін үш сағат бойы оқыды. Сот үкіміне сәйкес, былтыр Сарарат Рангсивутхапорн құрбысының тамағына цианид сеуіп өлтірген.

Мәліметтер бойынша, содан кейін оның 4400 доллардай тұратын мүлкін ұрлаған. Ол қарыздан құтылу үшін осындай әрекетке барған. Қайтыс болған әйелдің денесінен цианид ізі табылған. Кейін полиция Сараратпен бірге тамақтанған бірнеше адам осы заттан уланып өлгенін анықтаған.

Сондай-ақ, сотта сөйлеген куәгерлердің бірі 2020 жылы астан уланып, ауруханаға түскенін, бірақ Сарараттың полицияда істейтін күйеуінен қорқып, ол туралы ешкімге айтпай келгенін мәлімдеген.

Айта кетелік, 2018 жылы Таиланд өлім жазасына мораторийден бас тартып, ең ауыр жазаға кесілген бір адамға ине салу арқылы өлтірген. Содан бері бұл елде өлім жазасы қолданылмаған.