Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасына сәйкес, министрліктің АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитетінің Республикалық өсімдіктер карантині орталығы карантиндік фитосанитариялық бақылау аясында жүзім үлгілеріне зертханалық сараптама жүргізді,-деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Зерттеу нәтижесі бойынша, карантиндік фитосанитариялық қорытындыда жүзімнен карантиндік зиянкестер анықталған жоқ.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне қарасты "Ұлттық сараптама орталығы" РМК-ның Абай ауданы филиалы (Қытай Халық Республикасымен шекарада) Shine Muscat жүзімінің нитрат құрамына зерттеу жүргізді. Сараптама нәтижесінде өнімдегі нитрат мөлшері 13,7 мг/кг-ды құрады, бұл рұқсат етілген шектен аспайды.
Айта кетейік, өсімдіктер карантинінің басты мақсаттары:
– Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден немесе карантиндік объектілердің карантиндік аймағынан кіруден немесе дербес енуден қорғау;
– Карантиндік объектілерді анықтау, оқшаулау және жою, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының басқа өңірлеріне енуіне жол бермеу;
– Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру.