Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстанның фармацевтика саласына 70 миллион доллар инвестиция салынады

Фармацевтика саласы үлкен инвестициялар мен өндірістік қуаттарды арттыруды жоспарлап отыр.

Қазақстанның фармацевтика саласына 70 миллион доллар инвестиция салынады
freepik.com

Бүгінгі Үкімет отырысында Қазақстанның фармацевтика саласының даму бағыттары мен ірі отандық компаниялардың жетістіктері талқыланды. «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» атқарушы директоры Светлана Киль мен «Химфарм» компаниясының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі директоры Айгүл Исенова бейнеконференция арқылы баяндама жасады, деп хабарлайды Newsroom.kz.

Светлана Кильдің айтуынша, «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ 2024-2028 жылдары аралығында жаңа зауыт құрылысына 70 миллион доллар көлемінде инвестиция құюды жоспарлап отыр. Жаңа жобаның аясында 5 өндірістік цех салынып, зауыттың жылдық қуаты 80 миллион қаптамаға жететін болады. Сонымен қатар, жаңа зауыттың құрамында зертханалар, R&D орталығы және автоматтандырылған қойма құрылысымен қатар, сапа бақылауы мен өндірісті автоматтандыру жұмыстары да қарастырылған.  

Компания бұған дейін 2002-2020 жылдары аралығында жалпы 75 миллион доллар инвестициялап, GMP стандарттарына сай 6 жаңа цех салған болатын. Осылайша, «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» қазақстандық фармацевтика саласының дамуына өз үлесін қосып келеді.  

«Химфарм» компаниясының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі директоры Айгүл Исенованың мәліметінше, SANTO фармацевтикалық компаниясы Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарында жетекші орынды ұстап тұр. Компания фармацевтика саласындағы ең ірі инвестор ретінде орныққан, жалпы инвестиция көлемі 118 миллион АҚШ долларынан асады. Сонымен қатар, SANTO - Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші және салық төлеуші. Компанияның қызметкерлер саны - 1389 адам.

Компанияның өзіне тиесілі R&D зертханасы бар, оған 32 миллион АҚШ долларынан астам қаражат жұмсалған. Сондай-ақ, SANTO Қазақстан -  Орталық Азиядағы ең ірі экспорттаушы. Ол Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Монголия, Түркменстан және Тәжікстан сынды елдерге өнім жеткізеді.

Исенованың сөзінше, SANTO мен «Химфарм» АҚ және Біріккен дистрибьютор арасында 186 дәрі-дәрмекке 9 ұзақ мерзімді келісім-шарт жасалған, оның 97 түрі жеткізіліп, 89 түрі әзірленуде. Компания қазіргі уақытта 12 фармакологиялық топта 288 дәрі-дәрмек өндіреді және 6 GMP сертификатына ие.

2024 жылдың тамыз айы бойынша, жалпы нарық көлемі 619,8 миллиард теңге болса, SANTO компаниясының нарықтағы үлесі 29,9 миллиард теңге. Тегін медициналық көмекті кепілдік берілген көлемі мен МӘМС сегментіндегі жалпы нарық көлемі 447,1 миллиард теңге, ал компанияның үлесі 22,6 миллиард теңге.