Алматы әкімі Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесті.
Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланың ең көне ауданы мен өнеркәсіптік орталығының бірі Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қала басшысы ауданның экономикалық көрсеткіштері туралы айтып берді. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 21%-ға, оның ішінде жекеменшік инвестициялар 27% - ға ұлғайды. 150 млрд теңге инвестиция тартылды.
Ауданда 29 мыңнан астам субъект жұмыс істейді, олардың саны 7,8% - ға өсті. Бұл салық түсімдерін 164 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға, сондай-ақ 3,5 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Әкім атап өткендей, ауданда инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету өзекті мәселе болып қала береді. Биыл «Әлмерек», «Жас Қанат» шағын аудандарында және Закарпатская көшесінде 43 км сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды. Құрылысы биыл аяқталатын «Нижняя пятилетка» шағын ауданы бойынша 115 км су құбыры және 32 км кәріз желілерін салу жалғасуда.
Сонымен қатар, «Қайрат» ш/а-да 37,2 км сумен жабдықтау және су бұру желілерінің екінші кезегінің құрылысы басталады және «Шуақты» ш/а Волочаевская көшесінде кәріз сорғы станциясы салынады.
Осылайша, аталған жобалар Түрксіб ауданының 21 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен және кәрізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауданның электр желілері де ретке келтірілуде. Биыл «Тұздыбастау» қосалқы станциясы салынды, «Әлмерек», «Нұршашқан» және «Қайрат» шағын аудандарында 110 км электрмен жабдықтау желілері жаңғыртылуда. Жұмыстарды аяқтау 2024 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Жол және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі таңда 41,7 км орташа жөндеу аясында 18 көшеде 30 км жөнделді. «Әлмерек» және «Қайрат» шағын аудандарында 13 жаңа көше бойынша 13 жаңа жол салынуда. Бүгінгі таңда 5 көше бойынша 5,3 км аяқталды.
Биыл 195 автобус жаңартылып, ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 5 жаңа қала маңындағы автобус іске қосылады.
Ауданның әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері де қаланың дамуында ерекше орын алады. №59 мектеп-гимназиясына 300 орындық сейсмикалық күшейту және қосымша құрылыспен қайта жаңарту аяқталуда. 2025 жылдың қаңтарында аяқталу мерзімімен №195 мектепке 450 орындық қосымша нысан құрылысы басталды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6100 орындық 4 жаңа мектеп салынуда, олар 2025 жылдың тамыз айына дейін аяқталады.
Медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін бір ауысымда қуаты 100 адамнан асатын отбасылық-дәрігерлік амбулатория салынды және Наманганская көшесі бойындағы № 13 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы іске қосылды.
Жайлы қалалық ортаны құру мақсатында 2025 жылы төрт ірі жобаны іске асыру басталады. Бұл Баум тоғайын абаттандыру скандинавиялық серуендеуге арналған эко-жолдарды, «Кіші Алматы» өзенінің бойындағы жаяу-серуендеу аймағын, рекреациялық және жағажай аймақтарын жайластыра отырып, Үлкен Алматы каналын және Хмельницкий көшесі бойындағы 2 тоғанды механикалық тазалау.
«Халық қатысатын Бюджет» бағдарламасы аясында 52 жоба іске асырылуда. Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша осы мақсаттарға қаржыландыру 2 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
ТҮРКСІБ АУДАНЫНДА 13 КМ ЖАҢА ЖОЛ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Түрксіб ауданының жол инфрақұрылымын жаңарту, жолаушылар тасымалының сапасын арттыру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу кезінде айтты.
Қала басшысының айтуынша, биыл қазан айының соңына дейін 39 көшеде 41,7 км жолдың орташа жөндеу жұмыстары аяқталады. Қазіргі уақытта 18 көшеде 30 км жол жөнделді.
«Ауданға қосылған шағын аудандардың жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Мәселен, «Әлмерек» және «Қайрат» шағын аудандарында 13 көшеде 13 км жаңа жол салынып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 5 көшеде 5,3 км жол салу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, қазан айының соңына дейін «Жас Қанат» шағын ауданында 19 көшеде 2,5 км жол салу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Жұмыстарды 2025 жылдың 2-тоқсанында аяқтау көзделген», - деді Ерболат Досаев.
Кездесу барысында қала әкімі ауданның жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да назар аударды.
Мысалы, биыл қосымша 160 «Сергек» камерасы орнатылды. Соның нәтижесінде аудандағы осындай камералардың жалпы саны 816-ға жетіп, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мен бақылауды күшейтті.
Ерболат Досаев сондай-ақ, биыл Түрксіб ауданы арқылы өтетін 10 маршрутта 195 автобустың жаңартылғанын атап өтті. Бұл күту уақытын орта есеппен 15 минуттан 7 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін аудан аумағында 5 жаңа қала маңы маршруттарын іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылы басталғалы бері «Мектеп автобусы» жобасы аясында ауданға қосылған автобустар саны 8-ден 25-ке дейін ұлғайтылды, бұл 8 мектептен 2 мыңнан астам оқушыны қамтуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, мектеп автобустары Алматыда 2023 жылы әкімдік жобалық кеңсесінің аясында алыс орналасқан мектептерде оқитын кіші жастағы оқушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іске қосылған болатын.
ТҮРКСІБ АУДАНЫНДА 30 ЖЫЛ БҰРЫН САЛЫНҒАН ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІНІҢ ҚҰБЫРЛАРЫ АУЫСТЫРЫЛДЫ
Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу барысында тұрғындарды күзгі-қысқы кезеңде жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қабылданған шаралар туралы баяндады.
Қала басшысының айтуынша, биылғы қыркүйек айында Спасск және Бекмаханов, Бекмаханов және Сүйінбай көшелерінде жалпы ұзындығы 2,1 км жылу желілері салынды. Сонымен қатар, 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған құбырлар ауыстырылды.
Ерболат Досаевтың тапсырмасымен биыл барлығы 20 км жылу желілері қайта жөндеуден өтеді, бұл олардың тозуын 1,8%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Реконструкция жылыту маусымы аралығында қаланың 6 ауданында жүргізілуде. Жұмыстарды биылғы жылдың 25 қазанына дейін аяқтау жоспарланған.
ТҮРКСІБ АУДАНЫНДА ЕСКІ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ РЕНОВАЦИЯЛАУ ЖАЛҒАСУДА
Алматының Түрксіб ауданында 1960 жылға дейін салынған 586 үй қайта реновациялауға жатады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді.
«Жайлы қалалық орта құру әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі болып табылады. 2030 жылға дейін тұрғын үйді реновациялаудың жаңа бағдарламасы әзірленді, онда кешенді және тоқсандық құрылыс айқындалды, ескі тұрғын үй иелерінің кепілдіктері және әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарын дамытуды ескере отырып, тұрғын үй қорын жаңарту бекітілді», - деді Ерболат Досаев.
Ескі тұрғын үй мәселесі Түрксіб ауданындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Мұнда 60-шы жылдарға дейін салынған 586 тозығы жеткен үйлерді реновациялау жұмыстары жалғасуда.
2024 жылдың шілдесінде Кассина көшесіндегі 6 жаңа үйдің құрылысы аяқталып, қоныстану іске асты. Жыл соңына дейін Сауранбаев көшесіндегі тағы 7 жаңа үйді қоныстандыруды бастау жоспарлануда. Сондай-ақ , Алтай-2 ш/а жекеменшік құрылыс салушы 54 үйдің ішінен 6 үй сатып алды. Бүгінгі таңда екі тоғыз қабатты үйді бұзу және салу жұмыстары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Алматының сапалы дамуын және тиімді бақылауды қамтамасыз ету үшін жаңа қала құрылысы регламенті, құрылыс салу Ережелері және Тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы әзірленді. Жаңа бағдарламалар жыл соңына дейін қалалық Мәслихат сессиясында бекітілетін болады.