Алматылық асаба Азамат Жоламан Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының ергілікті филиалына барып, ақыл-кеңес сұрағаны сол-ақ екен, агроном боламын деген арманы аяқ астынан орындалып шыға келгенін айтады.
Ондағы мамандар қалай және қандай мақсатта несие алуға болатынын, барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп берген екен. Сөйтіп, көп күн күттірмей, 4 миллион теңге несиеге берілген сұранысы да қабылданған. Оны кәсіпкер 6 пайыздық жылдық сыйақымен бес жыл ішінде өтеуі керек болады. Кредит төлеу шарттары өте ыңғайлы екенін түсінген шаруагер, тіпті, қаржылық каникулдан да бас тартып отыр. Шынымен де солай, «Еңбек» бағдарламасы жаңадан бизнес бастап жатқан жандарға өте тиімді. Ол әр адамға біреудің қарамағында емес, өзінің келешегі үшін жұмыс жасауға жағдай жасайды.
Алған биелері құлындағаннан кейін сүт сауып саумал сапырған кәсіпкер карантин кезінде ауруға шалдыққан науқастардың аз уақытта аяққа тұрып тап-таза жазылып кеткенін өз көзімен көргенін де айтады. Жылқы сүтін қымыз қылған оны арнайы іздеп келетін тұтынушылардың да қарасы көп.
– Иә, жасыратын несі бар, бұрын отбасылық салтанатты той-жиындарды басқарып, тамақ асырап келдім. Кейін сайран салып, сауық құрған күндерім алыста қалды. Пандемия жоспарымыздың барлығын түбегейлі өзгертіп жіберген еді ғой сол кезде. Бұл тек Қазақстанда ғана орын алған қиыншылық емес қой. Сондықтан сын шақта сабырлық сақтап, қандай кәсіптің болса да кілтін табуға тура келді. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген сөз бекерге айтылмаса керек.
Міне, карантин адамзат баласына барды бағалап, болашақты болжай білуді үйретті. Олай болса, әр сынақтан сабақ алуға тиістіміз деп ойлаймын. Ауылшаруашылық саласы мен отандық өндірушілерді қолдағысы келетін тұрғындарға ойланбастан мал өсіруге кеңес беремін. Табиғи таза өнімді тұтынған біздің балаларымыз болашақта еңбекке жарамды ел азаматтары болып өсері сөзсіз, - дейді кәсіпкер.
Ендеше, ауыл шаруашылығына аттаған алғашқы қадамың құтты болғай, жас кәсіпкер!