Дүкен ашу қиын ба?

"Кәсіпкерлік нысаны тұтынушыға ыңғайлы жерден орын тебуі керек".

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Бұл сауалға алматылық өнім өндіруші Мұрат Қожабай жауап берді.

– Бүгінде жергілікті өнім өндірушілердің өз сауда нүктелерін ашуға не кедергі?

– Сауда нүктесін ашқысы келетін кәсіпкер алдымен жан-жақты ізденуі керек деп ойлаймын. Әсіресе, әлемдік және отандық нарықтың қазіргі ахуалын зерттеп, зерделеп алуы керек. Ең маңыздысы – жергілікті тұрғындардың сұранысына ие кәсіп ашу. Сонда кәсіп иесінің өзі де толағай табысқа кенелетін болады.

Екіншіден, «келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, сауда орнын жергілікті әкімдік өкілдерімен кеңесіп ашқан жөн. Себебі, ол жерде де нарықтық қатынастарға талдау жасап отырған мамандар бар.  Міне, солардан маңызды мәліметтер алып, танысып алса да артық етпейді. 

Үшіншіден, кәсіпкерлік нысаны тұтынушыға ыңғайлы жерден орын тебуі керек. Тауар орталық аумақта жақсы өтетіні белгілі. Ендеше, осындай орындар бірінші кезекте отандық өндірушілерге ұсынылса, бұл да бір қолдау емес пе? Сол сияқты, сауда орнының сыртқы келбетін безендіру мен ішкі санитариялық талаптың сақталуына да зор мән берген жөн.

– Егер бүгін бизнес иелеріне жеңілдетілген несие берілсе, ертең қайтарымы бола ма?

– Өзін-өзі ақтайтын және тиімді бизнеске жеңілдікті аямау керек. Бұл үшін әр кәсіпкер ашайын деп отырған ісі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет беретін бизнес-жоспар жасақтауы қажет. «Қағазда қатып тұрған» емес, жеңілдік ұсынатын мамандарды қызықтыратындай жоспар әзірлеуі керек.

Ал, бүгін ашылып, ертең оп-оңай жабыла салатын кәсіпке несиені де, субсидияны да босқа құрбан қылудың қажеті жоқ. «Қайтарымсыз қаражат екен» деп мемлекет берген мүмкіндікті оңды-солды пайдалана беруге болмайды.

Тағы бір мәселе, кәсіп ашып, халықты жергілікті өніммен қамтуға құмартып жүргендер көп. Алайда, «жомарттың қолын жоқтық байлайды» дегендей, олардың көбінде несие алу үшін қоятын кепілзаты жоқ. Осыдан кейін көңілдері су сепкендей басылады. Демек, бұл мәселеге де Үкімет тереңірек үңілгені жөн.

Жүктелуде...