Алматыда 263 көліктің шығарындыларының улы заттары рұқсат етілген деңгейден асқаны анықталды

Алматыда автокөліктердің шығарындыларының улы заттарын өлшеуге арналған «Таза ауа» акциясы өтуде

Newsroom.kz

Алматыда "Алматы – біздің ортақ үйіміз" экологиялық кампаниясының күзгі циклы – "Жарқын күз" аясында автокөліктердің ауаға зиянды әсерін азайтуға бағытталған "Таза ауа" акциясы өтуде. Акцияның басты мақсаты – автокөліктердің шығатын газдарының уыттылығы мен түтінділік деңгейін бақылау арқылы қаладағы ауа сапасын жақсарту.

Қазан айының басынан бері Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, жылжымалы экологиялық бекеттерде 628 автокөлік тексеруден өтті. Тексерулер қала орталығынан бастап шет аймақтарға дейінгі әртүрлі бөліктерінде жүргізілуде. Нәтижесінде, тексерілген көліктердің 42%-ында, яғни 263 автокөлікте, шығарындылардың рұқсат етілген нормаларынан асып кету анықталды. Бұл көрсеткіш көлік иелері арасында экологиялық түсінікті арттыру және қатаң бақылау қажеттігін айғақтайды.

Уәкілетті органдар тексерулердің нәтижелері бойынша 202 әкімшілік хаттама толтырып, 123 құқық бұзушыға айыппұл салды. Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, шығарындылардың нормаларын едәуір асырған 9 автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері уақытша алынды. Бұл көліктер анықталған ақаулар жойылғанша пайдалануға жіберілмейді.

Мамандардың пікірінше, аталған шаралар Алматыдағы экологиялық жағдайды жақсартуда маңызды рөл атқарады. Еске сала кетейік, қалада "Алматы – біздің ортақ үйіміз" іс-шарасының аясында күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары белсенді жүргізілуде. Кампания шеңберінде экологияны қорғауға және қаланы абаттандыруға бағытталған көптеген акциялар мен бастамалар іске асырылуда.

Жүктелуде...