weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
16 қазан, 2026 / Олжа Уали / Жаңалықтар
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қазақстанда Генетикалық биоалуантүрліліктің ұлттық банкі құрылуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Генетикалық биоалуантүрліліктің ұлттық банкі құрылып жатқанын мәлімдеді. Бастама Қазақстанның табиғи мұрасын сақтауға және сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғауға бағытталған.

Қазақстанда Генетикалық биоалуантүрліліктің ұлттық банкі құрылуда
Сурет:Акорда баспасөз қызметі.

Қазақстанда Генетикалық биоалуантүрліліктің ұлттық банкі құрылуда. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қазанда Ереван қаласында өткен COP17 биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі көшбасшылар саммитінде мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы биоалуантүрлілікті сақтауға арналған он жылдық ұлттық бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бағдарлама жануарлардың табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіруді, сирек кездесетін түрлерді қорғауды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейтуді көздейді.

Президент жануарлар популяциясын қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстарға ерекше тоқталды.

Оның айтуынша, Қазақстанда киіктердің саны 2003 жылғы 21 мыңнан 2026 жылдың көктемінде 4,7 миллионға дейін өсті. Қазіргі уақытта әлемдегі киік популяциясының шамамен 98 пайызы Қазақстанда шоғырланған.

Сонымен қатар қар барысын қорғау бағытында да оң нәтижелер бар. Табиғатты қорғау шаралары мен ғылыми мониторингтің арқасында еліміздегі қар барысының саны шамамен 190 дараға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізі мен Каспий итбалығын қорғаудың маңыздылығына да назар аударды. Президент келтірген деректерге сәйкес, соңғы жүз жылда Каспий итбалығының саны бір миллионнан 270 мыңға дейін азайған.

Мемлекет басшысы экожүйелерді бақылау және экологиялық қауіптерді болжау үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен қолдануды ұсынды.

Генетикалық биоалуантүрліліктің ұлттық банкін құру Қазақстанның табиғи мұрасын болашақ ұрпақ үшін сақтауға бағытталған жұмыстардың бірі болмақ.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер