Жас суретші Лана Жанболат картон қағаздан түрлі қолөнер бұйымдарын жасайды. Сондай-ақ, видеомонтажбен де айналысады.
Бәрінен бұрын ол анимация саласына қатты қызығады. Болашақта өз қолымен мультфильм түсіруді армандайды. Қазіргі жастар «анимэ» жанрына жақын екені айтпаса да түсінікті. Бұл кейіпкеріміздің туындыларында да кездеседі. Мәселен, кейбір суреттерінде адамдардың көзі үлкен, құлағы мен мұрны басқаша, шашы ерекше болып келеді. Мұны көп адам алғашында түсінбей қойыпты. Ал, бұл суретшінің өзіндік қолтаңбасы, яғни, жеке стилі екен.
«Сурет салу – аясы кең үлкен өнер. Оны майлы бояумен салсаңыз, 3-4 ай уақытыңызды алып кетуі мүмкін. Ал, гуашпен салсаңыз, 3-4 сағат қана жұмсайсыз. Өзім сурет салғанда тақырыпқа мұқият мән беремін және соны барынша ашуға тырысамын. Айталық, бір адамның бейнесін салатын болсам, ол адамның тек сырт келбетін ғана емес, мінезі мен мәденеитін, ішкі толқынысы мен бұлқынысын да бейнелеуге тырысамын. Мен өз өнерім арқылы өмірге деген көзқарасымды білдіргім келеді. Өкінішке орай, қазір адамдардың жеке таңдау құқығы қалмай барады. Олар айналадағы адамдардың көңіліне қарап өмір сүретіндей. Көбісі әлеуметтік желі арқылы өздерін бақытты етіп көрсеткісі келгенімен, шын мәнінде іштей күйзеліске ұшырап жатады. Мен мұның бәріне бейжай қарап отыра алмаймын. Сурет арқылы болса да қолдан келгенше қоғамның ащы шындығын көрсеткім келеді» дейді жас дарын.
Оның қатарлас құрбы-құрдастары оған зор қызығушылықпен қарайды. Бірі қолдау білдірсе, бірі түсінбей жатады. Әсіресе, тоқымашылық өнеріне келгенде, «үлкен әжейлер секілді түнімен киім-кешек тоқуға шыдамың қалай жетеді, бұл сенің жасыңа сай келмейді ғой» деп таңданыстарын да жасырмайды екен. Қиялы жүйрік, ойы ұшқыр жасөспірім бұл сөздерге де әбден үйренген... Бірақ, жұрт осылай айтып жатыр екен деп өнеріне ешқашан балта шауып көрген емес. Себебі, сурет те,тоқымашылық та оның тек қарым-қабілетін танытып қана қоймай, тұлғалық қасиеттерін де ашып көрсетіп отыр. Мұны ол жақсы түсінеді. Міне, шетелге кеткісі келетіні де сондықтан, яғни, өнерін лайықты бағалай білетін жандарды жолықтырып, өзінің жаңа қырларын ашқысы келеді.
«Лана тек суретші ғана емес, сондай-ақ, сенімді серік, адал дос, жомарт жүректі жан ретінде де достарының зор құрметіне ие. Оның басқалар түсіне бермейтін ерекше әлемі бар. Соның ішінде жүріп қиялға ерік береді. Нәтижесінде, тамаша туындылар туып жатады. Бір ерекшелігі, ол ештеңеден қорықпайды. Өз ойын бүкпесіз ашық айтуға тырысады. Қазір бұрынғыдай батыл суретшілер өте сирек кездеседі. Көбісі тапсырыс бойынша жұмыс жасайды. Ал, шынайы өнерді ешқандай ақшаға сатып алуға болмайды ғой. Біз өнерлі досымыздан осыны анық аңғардық» дейді досы Алихан Жексенбай.