Депутат Лариса Ли сот алимент өндіру туралы шешім шығарғанымен, кей жағдайда бала бұл қаражатты жылдар бойы ала алмайтынына назар аударды. Атқарушылық іс жүргізу созылып, қарыз көлемі ұлғая береді.
Мәселенің тағы бір қыры — борышкерлердің нақты табысы мен мүлкін жасыруы. Кей жағдайда ата-ана ресми түрде ең төменгі табысын көрсетіп, іс жүзінде одан әлдеқайда көп қаражат табуы мүмкін. Нәтижесінде сот шешімі бар болғанымен, оның балаға тиетін нақты қаржылық пайдасы болмайды.
Алимент төленбеген жағдайда барлық шығын екінші ата-ананың мойнына түседі. Тамақ, киім, білім, емделу, баспана мен коммуналдық төлемдерге кететін қаражатты бір ата-ана өзі көтеруге мәжбүр болады. Әсіресе тұрақты медициналық көмек пен оңалтуды қажет ететін мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қиын.
Алиментті ұзақ уақыт төлемеген борышкерлерге заңнамада жауапкершілік қарастырылған. Оларға әкімшілік немесе қылмыстық шаралар қолданылуы, мүлкі мен банк шоттарына тыйым салынуы, сондай-ақ Қазақстаннан шығуына уақытша шектеу қойылуы мүмкін.
Сонымен қатар сот шешімі бойынша алимент бойынша берешекке әрбір кешіктірілген күн үшін 0,1% мөлшерінде өсімпұл есептелуі мүмкін.
Құрылтай отырысында алимент өндірудің тиімділігін арттырып, борышкерлердің нақты табысын бақылауды күшейту мәселесі көтерілді. Сондай-ақ алимент төленбей жатқан кезеңде балаларды өз күшімен асырап отырған отбасыларға тұрғын үй, жалдау ақысы, коммуналдық шығындар және басқа да бағыттар бойынша атаулы қолдау көрсету ұсынылды.