Спорт саласының ардагері Ақмырза Батырқайыров батагөй қария ретінде жақсы таныс. Ол талай бата беру сайыстарында жеңіске жеткен.
– Мені батагөй қария ретінде жұрт жақсы таниды. Арнайы алдыма келіп бата сұрайтындардың ішінде қара да бар, хан да бар. Сізге басшылармен болған бір-екі оқиғаны баяндап берейін. Кезінде осында Нұрлан Ноғаев аймақ басшысы болған кезде менен бата алған болатын. Алақанымды жайып, ізгі тілегімді арнадым. Риза болған әкім қой сойып, алғысын білдірді. Көп кешікпей ол еліміздің Энергетика министрі болды, - дейді ол.
Ақсақал тек бата беріп қоймай, сол батада айтқан тілектері орындалмай қоймайды екен. Бұған жергілікті тұрғындардың бәрі де куә. Осы орайда, қарияның тағы бір әңгімесі сөзімізге дәлел бола алады.
«Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, бір министрге менің бата бергенім бар. Ағымнан жарылып, жас та болса бас бола білген азаматқа ыстық ықыласымды батамен жеткіздім. Кейін оған «үстіндегі бешпетіңді берсең де жетеді» деп қолқа салдым. Бірақ, ол олай жасамады. Артынша министрліктен түсіп қалды. Демек, батамен ойнауға болмайды деген сөз. Қазақ халқы о заманнан бері үлкендердің батасына айрықша мән берген» дейді қария.
Сондай-ақ, батаны кез келген жасы келген адамнан емес, өмірден көргені мол, түйгені зор, ғибратты ғұмыр иесінен сұраған.
– «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген мақал бар. Сондықтан біз секілді ақсақалдар кейінгі ұрпақтың санасына нақыл сөздерді сіңіруге міндетті. Атадан балаға аманат болып келе жатқан әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет. Жаһанданудың жөні сол екен деп, ауызға келген сөзді айтып, ойға келген нәрсені жасауға болмайды. Қазақ бұрыннан сөзге тоқтаған халық. «Сөз сүйектен де өтеді» деп бекер айтылмаса керек, - дейді ақылгөй.