Атақты батагөй ақсақал Ақмырза Батырқайыровтың айтуынша, қазақ баласын «ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір» деп тәрбиелеген.
– Үйге қонақ келгенде бала олармен қалай амандасады, өзін қалай ұстайды, осының бәріне әке-шешесі сын көзбен қараған. Ал, баланың әрекеті көңілден шықпаған жағдайда, оған қонақ кеткен соң «ұлым ақыл тыңдап жарытпас, атадан үлгі алмаса, қызым тамақ беріп жарытпас анадан үлгі алмаса» деп ескертіп отырған. Қазір көптеген нақыл сөздер қолданыстан шығып жатыр, - деп қынжылыс білдіреді тіл жанашыры.
Расымен де, қазір сөздің төркінін түснетін адам азайып барады. Жас ұрпақ батыстың мәдениеті мен әдебиетіне, әні мен биіне бейімделіп, ұлттық құндылықтар ұмытылуда.
«Көп отырыстың бірінде аталық ақылымды айтып жатқан кезде менімен қатар бір ақсақал сөзімді бөліп, «көп сөйлесең, сөздің мәні кетеді, аз сөйле» деп аузыма қақпақ болды. Өзі «қақпақты қара қазан» Қызылқоға ауданынан екен. Мен одан мұндайды күтпедім. Қалай болғанда да, бұл Қазыбек пен Бөкен би, Халел мен Ығылман, Ғабдол мен Асау Тұрлан және басқа да тарихи тұлғалар туған киелі топырақ емес пе?» деп реніш білдіреді әңгімелесушіміз.