Қолымыздағы деректерге сүйенсек, Қазақстан қазір ауызсу бағасының арзандығы бойынша тоқсан елдің ішінде үшінші орынға табан тіреп тұр. Ал, бір адамға кететін шығын бойынша алғашқы ондықта келеді. Егер су үнемдеу мәселесі дереу қолға алынбаса, 2030 жылға қарай елдегі су тапшылығының көрсеткіші 15 пайызға жетуі әбден мүмкін.
Сондықтан, алдағы уақытта суды шамадан тыс қолданған тұрғындар оның құнын жоғары тарифпен төлейді. Нақтырақ айтсақ, айына үш текше метр су тұтынатындар белгіленген бағада, ал, бес куб метрге дейін пайдаланатындар 20%, он куб метрге жеткізетіндер 50% және одан артық жұмсайтындар 100 пайызға артық төлейді. Қосымша ақша тозығы жеткен ауыз су желілері мен кәріз жүйелерін жаңартуға жұмсалатын болады. Белгілі болғандай, бүгінде халықтың шамамен тең жартысы айына үш текше метр су тұтынады екен.
Сонымен қатар, ел азаматтары үшін ауыз су бағасы заңды тұлғалар мен ұйымдарға белгіленген тарфипен теңеспек. Бұл бастама 2026 жылға дейін Ақмола мен Түркістан облыстарында, ал, 2028 жылға қарай барлық аймақта жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, кәріз жүйесін пайдалану құны да артпақ.
«Әр өңірде орташа тариф, халық үшін, бюджет және өзге де түрге сараланады тарифтер. Енді сараланған тарифтер алып тасталады. Ұлттық экономика министрлігі тарапынан, жалпыұлттық жоспардың 3-тармағын орындау барысында субсидияланған топтарды бірыңғай тарифке енгізу бойынша кесте құрылған» дейді Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басқарма басшысы Рустам Құнанбаев.