Реклама
weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қазақстанның жерасты суының қаншасы ауызсуға жарамды?

Қазақстанда жерасты суының 4 803 кен орны барланған. Оның ішінде тәулігіне 43,2 млн текше метр пайдалануға болатын қор бекітілген. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Жерасты сулары департаментінің директоры Жайық Ерікұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz.
 

Қазақстанның жерасты суының қаншасы ауызсуға жарамды?
Фото: Жасанды интеллект

Оның айтуынша, жерасты суының барлығы бірдей ауызсу ретінде пайдалануға жарамды емес. Бұл судың геологиялық қалыптасу жағдайына және минералдану деңгейіне байланысты.

«Бүгінде бізде 4 803 жерасты су кен орны бекітілген. Оның жалпы қоры – 43,2 млн текше метр. Оның ішінде 21 млн текше метрі ауызсумен қамтамасыз етуге бекітілген. Яғни, бізде осындай үлкен қор бар», – деді Жайық Ерікұлы.

Департамент басшысының айтуынша, жерасты суының сапасы мен деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл жұмысты «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі жүзеге асырады.

«Қазіргі таңда Ұлттық гидрогеологиялық қызмет еліміздің барлық аумағында мониторинг жүргізіп отыр. Жерасты суларының деңгейі мен сапасы қарастырылады. Бұл мәліметтердің барлығы Су ресурстарының ақпараттық жүйесіне енгізіліп жатыр», – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстандағы жерасты суының болжамды ресурстары тәулігіне 176,1 млн текше метрді құрайды. Бұл барланған пайдалану қорынан төрт еседен астам көп.

2026 жылдың соңына дейін «Қазгидрогеология» жерасты суының қорын іздеу және бағалау бойынша 38 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Ал 2027–2029 жылдары тағы 88 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Сонымен қатар Қазақстанда жерасты суын кешенді пайдалану және басқару бойынша 2027–2040 жылдарға арналған тұжырымдама әзірленді. Құжат қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Оны жыл соңына дейін қабылдау жоспарланған.

Жерасты суын басқару бағытында иесіз әрі өздігінен су шығаратын ұңғымалар да бақылауға алынған. 2026 жылдың соңына дейін 10 жоба аясында 54 ұңғыманы жою жоспарланып отыр. Сонымен бірге Атырау, Маңғыстау, Павлодар және Ұлытау облыстарында 698 ұңғыманы тексеру көзделген.

Министрлік бұлақтарды да түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жамбыл облысында қазірдің өзінде 586 бұлақ зерттелген. Алдағы уақытта бұл жұмыс еліміздің барлық өңірін қамтымақ.

Мамандардың мәліметінше, жиналған ақпарат бірыңғай цифрлық гидрогеологиялық базаға енгізіледі. Бұл жерасты суының жай-күйін бақылауға, зерттеу жұмыстарын жүйелеуге және су ресурстарын басқару бойынша шешімдерді негіздеуге мүмкіндік береді.
 

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→

Біздің cеріктестер