Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
11 қыркүйек, 2024 / Аман ШАМАР / Мәдениет

Бүгінгі жастар кітап оқи ма?

"Тек өзіме қызықты кітапты ғана оқимын".

Бүгінгі жастар кітап оқи ма?
Фото: ru.freepik.com

Біз кітап оқу мәденеитіне қатысты жастардың ойын біліп көрдік.

«Менің уақытым қанша тығыз болса да, өзімді қызықтырған кітап болса, міндетті түрде оқып шығамын, - дейді қала тұрғыны Ажар Жұмабекқызы. – Меніңше, кітап оқу отбасыдан, үйдегі ата-анадан басталатын сияқты. Егер үйдегі үлкендердің өзі қолдарына кітап алса, балалары да олардан үлгі алады. Екіншіден, мен ой-өрісімді дамыту үшін кітап оқуға міндеттімін деп өзімді күштемеймін. Тек өзіме қызықты кітапты ғана оқимын. Ал, егер ондай кітап табылмаса, басқасын оқып әуре болмаймын. Мәселен, біз сияқты жастардың көбісі комикс жанрына қатты қызығады. Бұл – суреттер арқылы «сөйлейтін» кітап десе де болады. Әзірге бұл жанр бізідң елде белең алып кете қойған жоқ. Ал, «Меломан» секілді әлемдік кітапханалар жүйесінде комикстер үлкен танымалдыққа ие. Олар көп кешікпей біздің кітапханалардың да сөрелерінен табылып қалар деп үміттенемін. Ендеше, билік тізгінін ұстаған аға-апаларымыздың құлақтарына алтын сырға!».

Тағы бір атап өтерлік жайт, кітап адамдарды сауатты жазуға үйрететінін айтады. Өйткені, әлеуметтік желі қолданушылары жазба жариялағанда қазақ әліпбиіне тән тоғыз әріпті («ә», «ғ», «қ», «ң», «ө», «ұ», «ү», «h», «і») қолдана бермейді. Міне, мемлекетіміздің латын әліпбиіне көшу бастамасын көтергені де сондықтан. Яғни, әлемнің тілін түсінбей, оны тану мүмкін емес.

Әлемдік статистикаға сүйенсек, Еуропада 65 жастан асқандар кітапты көп оқиды екен. Яғни, еуропалықтар зейнет жасына шыққан соң кітап  оқуға ден қояды. Сонда «жастар не оқиды?» деген заңды сұрақ туындайды. Ал, олар электронды кітап оқиды. Осылайша, қағаз басылымдарды біртіндеп электронды еңбектер алмастырып жатыр. Жасыратыны жоқ, қазір дамыған елдерде электронды кітапханалар жүйесі кең етек жайған. Демек, өркениет көшінен де кейін қалуға болмайды. Мұны да ұмытпаған абзал.