Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
10 қыркүйек, 2024 / Аман ШАМАР / Жаңалықтар

Жастар саясаты жаңа белеске шықты

Бүгінде қолға алынып жатқан белсенді бастамалар көп.

Жастар саясаты жаңа белеске шықты
Фото: пресс-служба

Өңірдегі жастар ресурстық орталығының басшысы Серік Қадыровтың айтуынша, жергілікті «Біз біргеміз!» штабындағы еріктілер қатары екі жүзге жуықтап келеді.

Демек, мұқтаждарға тегін қызмет көрсетіп, азық-түлік таратып жүргендер күн сайын көбейіп жатыр деген сөз. Осы қатарда «аманаттық» бастамашыл топтардың да ізгі істерін атап өту керек. Олар аз қамтылған отбасыларға арнап қор ашты.

– Бүгінде қолға алынып жатқан белсенді бастамалар көп. Біз соларға шағын және орта бизнес өкілдерін тартқымыз келеді. Оларға арнайы ескертпелер таратып, ақпараттандырып та жүрміз. Егер көмекке зәру немесе сондай адамдарға қол ұшын бергісі келетін жандар болса, аталған штабтың 50-84-30 және 8778-512-35-53 телефон нөмірі арқылы байланысып, ерікті жандар тізімін толықтыруға шақырамыз. Ал, волонтерлар жалғызбасты қарттар, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті затын тегін жеткізіп беруге әзір, - дейді ол.

Естеріңізде болса, былтыр бастау алған «Жас проджект» жобасы бойынша 257 жоба қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған еді ғой. Соның нәтижесінде, жұмысын жалғастырған 16 жас кәсіпкер (екеуі облыс орталығында, қалғаны аудандарда) еріктілердің көмегімен қайырымдылық акциялар өткізіп жатыр. Олардың ішінде дезинфекциялау жұмыстарына жәрдемдесіп жатқандары да жетерлік.

Жалпы, бүгінгі еріктілердің тағы бір қасиеті, олар өте сауатты және жан-жақты. Көмек сұраушылар шын мәнінде мұқтаж ба, жоқ па, алдымен соның анық-қанығына көз жеткізіп алады. Сол үшін де олар облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен үздіксіз байланысып отыр.

Сонымен, волонтер болу қаншалықты қиын? Біз бұл сұрақты олардың өздеріне қойып, сауалнама жүргізген едік. Сөйтсек, көмек көрсеткендердің көп бөлігін қарапайым тұрғындар құрайды екен. Мәселен, «инстаграмм», «фейсбук» секілді ауқымды әлеуметтік желі қолданушылары қайырымдылық акция жарияланған постты көргенде оны айналып кете алмайды.  Артық ақшасы болып жатса, дереу аударуға асығады. Сөйтіп, солардың бір бөлігі еріктілер қатарына қалай қосылып шыға келгенін де сезбей қалады. Бұл да болса, халқымыздың кең жүректі, ізгі ниетті қасиетін аңғартса керек.

Тіпті, қайырымдылық акцияларын ұйымдастырушы Жанар Ғылымованың сөзіне сенсек, жұртшылықтан бір күнде бір миллион теңге жиналып қалған сәттер де болыпты. «Бірақ, бұның да үлесі қазіргідей қиын тұста теңізге тамған тамшыдай ғой. Айталық, ішінде ұн, секер, макарон, жұмыртқа, май, сүт, шай, көкөніс, жеміс-жидек, кір жуғыш ұнтақ, сабын, маскасы бар бір ғана азық-түлік себетін алып қарайтын болсақ, оның өзі 20 мың теңгеге шығып кетуі әбден мүмкін. Ал, оны қаншама адамға үлестіресіз? Өзіңіз санай беріңіз» дейді ол.

Шынымен де, жақсылық жасаудан жарысып жүрген жандар қалтасындағы соңғы қаржысын да құрбан қылып жатады емес пе? Соған қарағанда, «волонтер» ұғымының ауқымы кең, мәні әріде жатыр. Бұл қатарға үйдің ішінде жүріп үлкен іске үлескер болып отырған жандарды да жатқызу керек сияқты.