Абай ауылы газ желісіне қосылды

Бұдан соң елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 68 пайызға жетпек.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазалы ауданының  Абай ауылын газ желісіне қосу рәсімі өтті, - деп хабарлайды newsroom.kz

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Бүгін мерейлі мереке қарсаңында Қазалы ауданында нысандар ашылып, Абай ауылына «көгілдір отын» желісі қосылуда. Бұл – расында да, көптен күткен игілік.  Қазір Қазалы ауданының газдандыру көрсеткіші 65 пайызға жетті. Биыл мұнда 2 млрд. 200 млн. теңгеге 3 жоба жүзеге асуда. Алғашқысы – осыдан бір жыл бұрын басталған Абай ауылын газдандыру жобасы. Жұмыс толық аяқталды, енді ауылдағы 193 тұрғын үй мен 8 әлеуметтік нысан «көгілдір отын» тұтынатын болады. Екінші жоба – Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылдарына магистральды газ құбырын тарту. Бүгінде жұмыс қарқынды жүруде. Үшіншісі – Ақтан батыр ауылына орамішілік газ тарту. Бұл жұмыс басталып кетті. Сәтін салса, жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұдан соң елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 68 пайызға жетпек. Осы уақыт ішінде Қазалы ауданында 600 шақырымнан астам газ құбыры тартылып, 10 763 тұрғын үй мен 350 мекеме-кәсіпорынға қосылды. Елдің дамуы ауылдың гүлденуінен басталады. Ал, ауылдың дамуы, келешегі сіздердің еңбекқорлықтарыңыз бен бірліктеріңізге байланысты. Баршаңызға бүгінгі қуаныш құтты болсын!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Іс-шарада Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов құттықтау лебізін жеткізіп, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов батасын берді. Сонымен қатар, ауылдың өсіп-өркендеуі жолында қажырлы қызмет еткен сала мамандары мен ардагерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Газ қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар, алдағы бағыт-бағдар туралы айтты. Әсіресе, қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларға, әр саладағы жаңашылдықтарға тоқталды, кездесуге келушілердің ой-пікірлерін тыңдады. 

 

Жүктелуде...