Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Астанада Ғылым және жоғары білім министрлігінің стратегиялық форумы өтті

Форумның негізгі тақырыбы – «Білім және болашақ ғылымы»

Астанада Ғылым және жоғары білім министрлігінің стратегиялық форумы өтті
Фото: gov.kz

Астанада «CONNECTED-2024» халықаралық конференциясы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің стратегиялық әріптестер форумы өтті. Іс-шараға 300-ден астам жоғары оқу орындарының өкілдері, ұлттық және шетелдік серіктестер, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты,- деп хабарлайды newsroom.kz

Форумның негізгі тақырыбы – «Білім және болашақ ғылымы». Модератор ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек болды. Форум мен панельдік пікірталастар аясында жоғары білім беруді дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ осы саладағы сын-қатерлер мен перспективалар талқыланды. Жиын тәжірибе алмасу және жетекші сарапшылардың қатысуымен ғылым мен білімнің болашағы туралы халықаралық пікірталас өткізу үшін маңызды алаңға айналды.

  Министр Саясат Нұрбек серіктестіктің Қазақстанда білім беру жүйесін дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Ол Қазақстанның халық саны қарқынды өсіп келе жатқан Орталық Азия мен Еуразияның орталығында бола отырып, жоғары білім берудің баламалы мүмкіндіктерін іздейтін студенттер үшін білім беру хабына айналуға ұмтылатынын айтты.

  Ведомство басшысы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікте әзірленген цифрлық университеттердің моделін де таныстырды. Соңғы екі жылда ынтымақтастықтың айтарлықтай кеңеюіне қол жеткізілді, бұл білім беру бағдарламаларын заманауи талаптар мен халықаралық стандарттарға бейімдеуге мүмкіндік берді.

  Форум аясында министрліктің шетелдік серіктестері өз мекемелерін таныстырып, Қазақстанда филиалдарын ашу себептері және бірлесіп даму мүмкіндіктері туралы айтып берді.

  De Montfort University Kazakhstan кампусының басшысы және академиялық директоры Эрик Димла университеттің Қазақстанмен төрт жылдан бері ынтымақтастық орнатқанын және жергілікті студенттерге бизнес, қаржы және құқық саласында сапалы білім берудің маңыздылығын атап өтті.