Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
27 қыркүйек, 2024 / Аман ШАМАР / Руханият

Доссордан шыққан «Пикассо»

Лананың сурет салудан басқа да сүйікті істері жетерлік. Соның бірі – тоқымашылық өнер.

Доссордан шыққан «Пикассо»
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Өмір – ақ пен қара өзара айқасқан ашық алаң болса, соны боямасыз бейнелей білетін сурет – ғажайып та ғаламат өнер. Мұнда да арман мен ақиқат бір-бірімен арпаласып жатқандай... Біз бұл тақырыпты тектен-тек қозғап отырғанымыз жоқ. Себебі, бұл жолғы әңгімеміздің кейіпкері осындай ұлы өнерді ұлағат тұтқан Доссор кентінің тумасы Лана Жанболат жөнінде болмақ.

Биыл мектептегі соңғы жылын тәмамдап жатқан  Лана сурет салумен үш жасында айналыса бастаған. Ең алғашқы туындысы өз анасының портреті болыпты. Оны алдымен фотосуретке түсіріп алып, кейін соған қарап отырып қарапайым қарындашпен салып шыққанын айтады.

«Менің алғашқы жұмысым анама арналғаны тегін емес. Себебі, мына тіршілік өз бастауын анадан алады. Мен де осыны сурет арқылы жеткізгім келді. Ананың шексіз мейірімділігі мен махаббатын кейде сөзбен жеткізу мүмкін болмай жатады. Сондайда қылқалам құдіреті көмекке келеді» дейді ол.

Лана суретті алғашқыда А4 форматындағы ақ қағазға қарындашпен сала бастапты. Ол кезде гуаш бояуын алатын мүмкіндік болмағанын айтады. Бұл өз кезегінде суретшілік өнерді одан әрі шыңдауға септігін тигізген екен.

«Мен бейнелеу өнерінің негіздерін әжемнен үйрендім. Әуел баста оңай болған жоқ. Артынан ғаламторға кіріп, өз бетімше үйреніп алдым. Бәрі де жүрек қалауына байланысты сияқты. Егер адам бір нәрсені қатты қаласа, дегеніне жетпей қоймайды деп ойлаймын. Сол секілді, мен де ес білгелі қағаз бен қарындашты жолдас қылдым. Екеуі де әлі қолымнан түскен емес. Алдағы уақытта бұл өнерді одан әрі дамытып, шығармашылықтың шыңына жеткім келеді» дейді кейіпкеріміз.

Айтпақшы, Лананың сурет салудан басқа да сүйікті істері жетерлік. Соның бірі – тоқымашылық өнер. Отбасындағылар, әсіресе, әжесі Нұрзила Шотанкызы немересінің бұл өнерін мақтан тұтады.

«Немерем тоқымашылық өнерді нағашы әжесінен үйренді. Ерінбей күн сайын сол кісінің үйіне барып, сабақ алып жүрді. Ақыры меңгеріп алды. Қазір де түні бойы тоқыған киімін таңертең мектепке киіп барады. Ол өзіне ұнаған кез келген киімді оп-оңай тоқи береді. Әрине, ауызға айту оңай ғой. Ал, шын мәнінде мұның артында есепсіз еңбек, төзімділік пен табандылық жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Ол көз майын тамызып тоқыған бұйымдар қараған көздің жауын алады. Олардан өзіне ғана тән ерекше стильді байқауға болады. Бұл бірден көзге түседі» дейді ол.