Биыл елімізде АЭС құрылысына қатысты алғаш рет жалпыхалықтық референдум өткізілді. Отандық сарапшылар да, шетелдік сарапшылар да оның ойдағыдай өткенін мәлімдеді. Осы орайда, біз де бірқатар спикерді сөзге тартқан едік...
– АЭС салу мәселесі халық арасында жан-жақты талқыланып, сан түрлі ойлар айтылды, батыл бастамалар мен өзекті мәселелер көтерілді. Тіпті, арамыздан қарсы пікір айтушылар да табылды. Бірақ, олар өз сөздеріне дәйекті дәлелдемелер келтіре алмады. Ал, кешегі референдумда бұл әңгімеге үлкен нүкте қойылған секілді. Олай дейтінім, ҚР Орталық референдум комиссиясы жариялаған республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелеріне сйәкес, референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адамды құрады. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 7 миллион 820 мың 204 адамды немесе 63,66% құрады.
Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 миллион 561 мың 937 адамды немесе 71,12% құрады. Бұл нені білдіреді? Яғни, халық өз таңдауын жасады деген сөз. Демек, қазақстандықтардың жартысынан көбі өркениет көшінен қалғысы келмейді. Озық ойлы мемлекеттермен терезе теңестіріп сапалы өмір сүргісі келеді. Болашақта электр энергиясының тапшылығын сезінгісі келмейді. Жалпы, біздің халық о заманнан бері ұрпағымен мың жасап келеді ғой. Әр ата-ана балаларының болашағына алаңдайды. Ендеше, осындай таңдау жасап жатқаны да сондықтан деп санаймын, - дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Журналистика кафедрасының оқытушысы Мерует Ахонова.
Қазақстан Республикасының Конституциясында еркін сайлау – мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидасы, ал халық – егемендіктің иесі және мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде айқындалды. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.
«Бүгін еліміздің Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Алынған мәліметтерге сәйкес, референдумға қатысуға құқығы бар 12 284 487 Қазақстан Республикасы азаматының 63,66 пайызы өз таңдауын жасап, дауыс берді. Ал, оның ішінде 5 561 937 адам (71,12%) референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берді.
Бұл – халықтың пікірі. Яғни, біздің мемлекет те дамыған елдер секілді референдум арқылы маңызды мәселелерді халық болып бірлесе шешіп жатыр. Осыған дейін ел алдында қандай қиын міндеттер тұрса да, жауапкершілік жүгін мемлекет арқалап келген болса, енді халық та өз дауысын беріп, сол арқылы өз ұсыныстарын білдіріп, былайша айтқанда, өз үнін қосып отыр. Міне, демократия деген осы болса керек. Жай ғана «мен патриотпын» деп кез келген адам ауызбен айта алады. Ал, кешегідей дауыс беру учаскесіне аяқтай келіп, таңдау жасау – елдің ертеңі үшін бей-жай қарай алмай, шынайы алаңдаушылық білдіре алатын азаматтардың ғана ісі деп білемін» дейді халықаралық Еуразиялық телевизия және радио академиясының академигі Мәншүк Мұқашева.
Демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілді сайлау, оның барысында балама негізде кең еркіндікке ие азаматтар мемлекеттік құрылымдарға өз өкілдерін сайлайды. - Референдум сәтті, жүйелі өтті деп айтуға болады. Соның нәтижесінде халықтың нақты пікірі, көзқарасы алынды. Алға қарай мемлекеттік комиссия құрылып, осы тақырыпта белгілі бір шешімдер қабылданады деп ойлаймыз. Меніңше, референдумның маңыздылығы жоғары. Барлық демократиялық мемлекеттерді қарасақ, кез-келген күрделі елдік дамуға қатысты мәселелер референдумға шығарылып отырады. Референдумдарды өткізу мемлекеттегі демократиялық құндылықтар, азаматтардың белсенділігін арттыру және тағдыршешті тақырыптарды халықпен кеңесе отырып шешу бағытында жасалып жатқан оң үрдістер деп айтуға болады, - дейді Қазақстандық даму институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев.
Бәсекелестік сайлау әртүрлі саяси партиялар мен кандидаттардың сайлауға қатысуын қамтамасыз етеді. Олардың барлығы сөз, жиналу, қозғалу еркіндігін, саяси көзқарастарын тыңдау және сайлаушыларға балама кандидаттарды ұсына алу үшін қажеттінің бәрін пайдаланады. Қазақстан Республикасының заңнамасы сайлаудың кезеңділігін, мемлекеттік органдарда халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының өкілдігін, сайлау органдары қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етеді.
«Барлық ақпараттық деңгейде қоғамдық талқылау болсын және әлеуметтік жеілер болсын халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Атом электр станциясы бойынша халық осы мәселеге ой-пікірін білдіре алады. Мемлекет тарапынан және сарапшы, көшбасшылардың тарапынан түсіндірме жұмыстарының жақсы жүргізілгендігінде. Exit poll-дың нәтижесі бойынша электораттың 54%-і қатысты. АЭС бойынша халықтың пікірі оң екенін көрсетті» дейді саясаттанушы Еркебұлан Амантаев.