Биыл елімізде пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау науқаны жүзеге асырылған болатын. Бірқатар өңірде ауылдық округ әкімдері сайланды. Бұл жаңа саяси үрдіс елімізде саяси мәдениеттілікті арттыра ала ма? Оның елдегі реформаларды іске асыруға ықпалы қандай болмақ? Осы орайда, біз Мақат аудандық мәслихат депутаты, Бержан Қанатбаев атындағы орта мектеп директоры Азамат Дәулетқалиевпен тілдескен едік.
– Ауыл әкімдерін тікелей сайлау бізге не берді деп ойлайсыз?
– Бұл ең алдымен еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту жолындағы заңды қадам болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту жолындағы заңды қадам болды. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс көздерін бюджеттің IV деңгейіне ұлғайту үшін Ұлттық экономика министрлігі салықтар мен төлемдердің қосымша төрт түрін берді – бұл бірыңғай жер салығы, учаскелерді жалға алу, пайдалану немесе сату үшін төлем. Осылайша, ауыл әкімдері жергілікті бюджетті бөлудің жекелеген мәселелері бойынша басқарушылық қана емес, қаржылық дербестікке ие болды. Бұл әкімдердің ауылдағы сумен жабдықтау, жолдарды күтіп ұстау, абаттандыру сияқты бірқатар өмірлік маңызды мәселе бойынша шешімдер қабылдаудағы қызметінің тиімділігін арттыру үшін жасалды. Бұл ретте сайланған әкімдердің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі жеке уәждеменің басты факторына және олардың қызметінің тиімділігін арттырудың үлкен үмітіне айналады.
Ең бастысы, қандайма сайлау болмасын, барынша ашық өтуі тиіс. Өйткені, бүгінде халық сайлайтын әкімдер уәделерін орындау үшін тікелей сайлаушыларға жауап береді және есеп береді. Әкімдер сайлауын өткізу – бұл қоғамның азаматтың сайлау және сайлану құқығы сияқты негізгі факторға сенімін арттыру жолындағы ең маңызды қадам. Өйткені, сайлау қоғамды қазіргі заманғы демократияландырудың маңызды институты саналады.
Жалпы, сенім қоғамдағы негізгі ұстанымдар бойынша нормативтік келісім немесе ымыра дегенді білдіреді. Қоғамдағы сенімнің таралу саласы тұрақтылық, ынтымақтастық, қоғамдық істерге арасу және қатысу дәрежесін көрсетеді.
– Бұдан кейін билік пен бұқараның арасы жақындай түсе ме?
– Елімізде өткен пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау – мемлекет пен қоғамның арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі. Аудан әкімдерінің сайлауы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдері деңгейінде апробациядан өтті. Мәселен, екі жыл ішінде ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың 1 668 әкімі сайланды. Оның 75%-ы – саяси партиялар ұсынылды, қалған 25%-ы – өзін-өзі ұсынушылар. Сондай-ақ, сайланған әкімдердің 57,4%-ы бұрын бұл қызметте жұмыс істемеген. Яғни, ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды.
Былтыр Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару институттарын жаңарту туралы міндеттеме қойды. Бірінші кезекте Президент сайлауы, одан кейін Парламент сайлауы өтті. Сондай-ақ пилоттық деңгейде ауыл әкімдері де сайланды. Енді міне аудан әкімдерін сайлау деңгейіне шығып отырмыз. Бұл маңызды меже болып саналады. Себебі бізде бірінші кезекте әкімдер корпусын жаңарту міндеті тұр. Бұл жаңа уақыт талабы. Қазіргі кезде экономикалық-әлеуметтік саясатты жүзеге асырып жатырмыз. Сондықтан өңірлердегі инвестициялық, аграрлық саясатты дамыту бойынша бізде халықпен етене тығыз жұмыс істейтін жаңа әкімдер корпусын қалыптастыру міндеті тұр. Сондай-ақ жалпы халықтың саяси шешім қабылдауға деген қатыстылығын, олардың өзінің дауыс беруін, әкімдермен тығыз жұмысының нәтижесін көруіне ары қарай да жол ашуымыз керек.