“АЭС жоғарғы қауіпсіздікпен іске асқанда өз нәтижесін береді”

Бұл тұтас халық үшін маңызды процесс екені анық

Фото: newsroom.kz

Жыл сайынғы дәстүр бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында халыққа жаңа жолдауын жариялады. Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы билік пен қоғам арасындағы салалық байланыстардың беки түсуіне тағы бір нақты қадам деп білеміз,- деп хабарлайды newsroom.kz

Биылғы жолдау әртүрлі бағытты қамтып, жаңа реформалар мен трансформациялардың бастамасы ретінде әрекет ететіне сенім мол. Сол сенімнің алғашқы лебі де сезіліп жатыр. Қазір қоғамда Атом электр станциясын салу тақырыбы аясында қызу талқылаулар өтіп жатыр. Бұл тұтас халық үшін маңызды процесс екені анық. Осы тұста Президентіміздің таңдауды әрбір азаматтың өзіне қалдырыпы, Жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдағаны – әділетті мемлекеттің сипаты.

Референдум, бұл – демократияның іске асуы үшін қолданылатын ең негізгі инструмент. Әйтсе де, ондаған жыл бойы еліміз бұл құралды қолданбады. Тек 2022 жылы, араға 26 жыл уақыт салып, қарапайым халық ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жаппай дауыс беріп, ортақ шешім қабылдады.

Референдум еліміз азаматтарының сауатты саяси мәдениетінің қалыптасуына ықпал етуі тұрғысынан маңызды. Сол себепті де Мемлекет басшысы тағы да референдум өткізіп, қоғам пікірінің әрдайым бірінші орында екенін көрсетіп отыр. Ал АЭС құрылысына келер болсақ, бұл – қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғаудың жоғары стандарттарын сақтай отырып, экономикалық өсуді қолдауға қабілетті энергетикалық инфрақұрылымды құруға мүмкіндігі.

Бүгінгі таңда атом энергетикасы арқылы өндірілетін электр энергиясы әлемде 10%-ға жетті. Дүниежүзінің 32 елінде 440 реактор жұмыс жасауда. Тіпті, кейбір елдер атом энергетикасына салынатын инвестициялардың көлемін ұлғайтуда. Мысалы, Қытай, Ресей, Үндістан, Франция және Оңтүстік Корея сияқты елдерде жаңа атом электр станциялары (АЭС) салынып жатыр және әлі де салына бермек. Демек, жыл өткен сайын ядролық энергетикаға сұраныс артып жатыр.

Ал Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі энергетикалық өндіруші елдердің бірі. Елде энергетикалық ресурстар, әсіресе көмір, мұнай және табиғи газдың мол қоры бар. Сонымен қатар, Қазақстан әлемдегі уран өндіруші ірі елдердің бірі болып табылады, бұл мемлекетімізді атом энергетикасы саласында әлеуетті маңызды ойыншыға айналдырады. Соған қарамастан, АЭС құрылысына қатысты халықтың пікір екіге бөлініп тұрғаны баршамызға белгілі. Әрине, атом энергетикасы еліміздің экономикалық әлеуетін айтарлықтай арттыруға әсер етеді. Дегенмен, ұлттық жадымыз Семей полигонындағы жарылыстың салдарын әлі де ұмыта қойған жоқ. Бұған да түсіністікпен қарағанымыз жөн. Тарихты өшіріп тастай алмаймыз, оның үстіне шығыс өңірдің халқы сәтсіз жұмыстың зардабын әлі күнге дейін көріп келеді.

Десе де, қазір технологиялар дамып жатыр, энергетика саласында трансформациялар жүрді және білікті инженерлер толқыны қалыптасты. Әлем ғалымдары жан-жақты зерттеулер жүргізіп, сарапшылар түрлі талқылаулар өткізіп, АЭС жұмысын қауіпсіз және экологияға зиянсыз жүргізудің әдіс-тәсілдерін таба алды.

Бәрімізге белгілі, Қазақстанның энергия өндірісінің шамамен 70%-ы көмірге негізделген электр станцияларынан алынады. Бұл еліміздің энергетикалық жүйесі көмірге тәуелді екенін көрсетеді. Ал  гидроэнергетиканың үлесі шамамен 10%-да ғана құрайды. Мұнай мен газ өндіру де маңызды, бірақ олардың көп бөлігін экспортқа жібереміз. Жаңартылатын энергия көздерін де дамытуға назар аударылуда, алайда жалпы үлесі әзірге аз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда АЭС салу елдің энергетикалық тәуелсіздігін арттырып, уран қорын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жоба ұзақ мерзімді экономикалық пайда әкеліп, экологиялық жағынан таза энергия көзі бола алады. Сонымен қатар, АЭС тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп, жаңартылатын көздерге қосымша ретінде қызмет етеді. Технологиялық даму мен халықаралық ынтымақтастықты күшейту де маңызды артықшылықтар қатарында. Алайда, қауіпсіздік пен қалдықтарды басқаруға ерекше назар аудару қажет.

Негізі жауапкершілік – білікті инженер мамандарының мойнында екені анық. Шыны керек, елімізде АЭС салудан да бұрын, осы салада қызмет ететін кадрларды даярлау өз алдына ауқымды мәселе болып тұр. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдарда жолдаған әрбір жолдауында техникалық және инженерлік мамандықтарға басымдық беру, осы салаларда көптеп кадрлар даярлауға тапсырма беріп келеді. Оны орындау бойынша жұмыстар да жасалып жатыр. Аталмыш тапсырма, ең алдымен, өнеркәсіп орындарымен тығыз қарым-қатынас жасайтын университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарына бағытталғаны түсінікті. Еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі ретінде Ахмет Ясауи университеті де сапалы кадр даярлау мәселесіне ден қойып отыр.

Қазақстан мен Түркияның берік достығының нышанына айналып, түркі әлемінің жастарын бір ортаға жинаған қарашаңырақ білім ордамызда бүгінгі таңда Инженерия факультеті жұмыс істейді. Факультет өзінің білім беру қызметін бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде жүргізеді. Заманауи және жан-жақты инженерлік білім беру миссиясын орындап келеді. Құрамында екі каферда бар: Компьютерлік инженерия кафедрасы және Электр инженериясы кафедрасы. Оның ішінде, болашақ энергетика саласының мамандарын оқытатын Электр инженериясы кафедрасы «Электр энергетикасы», «Автоматтандыру және басқару» және«Машина жасау» білім беру бағдарламаларының бакалаврларын, «Электр энергетикасы», «Автоматтандыру және басқару» білім беру бағдарламалары бойынша техника ғылымдарының магистрлерін дайындауда.

Оқу орнымыз инновациялық және дамуға ашық көзқараспен, өнеркәсіп орындарымен тығыз байланыс құра отырып, халықаралық деңгейде электротехниканың барлық салаларында ғылыми зерттеулер мен білім беру қызметін жалғастырып келеді. Бұл жолда бізге отандық білікті оқытушы-профессорларымыз ғана емес, Түркиядан келген әріптестеріміз де көмектеседі.

Бұған қоса, университет студенттерді теория жүзінде оқытып қана қоймай, алған білімін практикалық тұрғыда шыңдауы үшін мол мүмкіндіктер қарастырған. Республикадағы және өңірдегі жетекші өнеркәсіп орындарымен әріптестік орнатып, болашақ сала мамандарын өндірістік тәжірибеден өткізеді. Олардың қатарында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС, АҚ «KEGOK» ШЖЭТФ сынды жетекші өндіріс орындары бар.

Осылайша, теория мен практиканың ұштастыра отырып, оқу орнымыз инженерия саласына мыңдаған кадрды даярлап шығарды. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, Президент тапсырмасын орындау үшін әлі де жүйелі жұмыстар жасалады.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда Ахмет Ясауи университеті Алматы қаласындағы Ядролық физика институтымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатырмыз. Біздің студенттеріміз сол жақта тәжірибеден өтіп, мамандарымыз өзара білім алмасып жатыр. Ал болашаққа қойған жоспарымыз бұдан да жоғары.  Оқу орнымызда Ядролық физика институтының филиалын ашу арқылы да АЭС саласына мамандар даярлауға мүмкіндігіміз бар.
Атом энергетикасы саласына мамандарды оқытуға – бұл көп күш пен уақытты қажет етеді. Атом саласының тәжірибесі көрсеткендей, атом электр станцияларындағы маңызды оқиғалардың 80 пайызы адам қателігінен болуы мүмкін. Сондықтан, технологиялық процестерді терең түсінетін ғана емес, соңғы цифрлық құралдармен тиімді жұмыс істей алатын, оған қоса ядролық физика, инженерлік жүйелер, экология және қауіпсіздікті басқару сияқты салаларда жан-жақты меңгерген маманды даярлау керек екенін ескеруіміз қажет.

Бүгінгі таңда атом өнеркәсібінде жасанды интеллект технологиялары, автоматтандырылған басқару жүйелері, виртуалды модельдеу және үлкен деректер белсенді қолданылады. Бұл құралдар жұмыс тиімділігін едәуір арттыруға, азайтуға мүмкіндік береді. Демек, сала маманы цифрландыру процессінен де хабардар болуы тиіс.
Бұл қатарға пәнаралық мамандықтар, инновация, өнеркәсіп орындарымен серіктестік, халықаралық ынтымақтастық мәселелерін қосайық.

Университет атом энергетикасы саласының мамандарын даярлау үшін практикалық дағдылар мен теориялық дайындықты біріктіретін бірегей білім беру бағдарламаларын әзірлеуі қажет.

Сондықтан да, бізді терең зерттеу, тыңғылықты дайындық, нақты жоспар, нәтижелі жұмыс күтіп түр. АЭС жақсы, бірақ ол жоғарғы қауіпсіздікпен іске асқанда ғана өз нәтижесін береді. Бұл үшін терең білімді мамандар қажет. Бұл мамандарды болашақта даярлауға университеттеріміздің қауқары жетеді.

 

Жанар Темірбекова    
Қожа Ахмет Ясауи атындағы  
Халықаралық қазақ-түрік  
университетінің ректоры
 

 

Жүктелуде...