Құжатқа «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Атомстройэкспорт» АҚ қол қойған.
Владивостокта Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу бойынша келісімшартқа қол қойылды. Құжатқа «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Атомстройэкспорт» АҚ қол қойған. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Келісімшарт XI Шығыс экономикалық форумы аясында жасалды. Рәсімге Қазақстан Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» бас директоры Алексей Лихачёв қатысты.
Ресми мәлімет бойынша, жоба «Балқаш» АЭС-ін екі энергоблокпен салуды көздейді. Олардың жалпы электр қуаты 2400 МВт болады. Станция Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы маңында орналасады.
Келісімшартқа қол қою АЭС жобасын дайындық кезеңінен практикалық іске асыру кезеңіне өткізеді. Енді тараптар 2026 жылғы 28 мамырдағы үкіметаралық келісімге сәйкес қажетті рәсімдерді жалғастырып, Қазақстан Үкіметімен тиісті келісімдерді жүргізеді.
Атом энергиясы агенттігінің мәліметінше, жобаны жүзеге асыру кезінде қазақстандық кәсіпорындар мен мамандарды барынша тартуға, отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді пайдалануға ерекше көңіл бөлінеді. Ведомство бұл жоба отандық өнеркәсіпті дамытуға және атом энергетикасы саласында ұлттық құзыреттер қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.