Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
9 қыркүйек, 2024 / Аман ШАМАР / Сараптама

«Түркістан менің екінші үйіме айналды»

Еркін көсілген керемет тіл көркемдігіне куә болып, қайран қалыстық.

«Түркістан менің екінші үйіме айналды»
Фото: бейнежазбадан скриншот

Түркістанда халық үшін қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан №4 емханада неше түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері еңбек етеді. Бүгінде олар еліміздің рухани астанасындағы азаматтық қоғамның жарқын үлгісіне айналып отыр.

Астраханның қазағы

Осы ұжымда астрахандық қазақ, дәрігер-рентгенолог Мейрамгул Кенжешқызы да абыройлы қызмет атқарып жүрген. Ол Астрахан облысының Харабайлы ауданынан Қазақстанға қоныс аударып келген.  Астрахан мемлекеттік медицина институтының түлегі Түркістандағы ағайын-туыстарының шақыртып, қолқа салуымен 2011  жылы көшіп келеді. Сол кездегі емхана басшысының ағалық қамқорлығымен жас қыз емханадағы қарбалас сәтке дендеп еніп кетеді.

– Түркістанда шаңырақ көтердім, кішкентай қызым қазақ мектебінде оқып білім алуда. Әкем зоотехник болатын, ал анам жоғары санатты ұстаз. Бала кезден солардың қазақы тәрбиесін бойыма сіңіріп өстім. Біздің ауданды мекен еткен халықтың біразы – қазақтар болды. Сондықтан ол жерде ұлтымыздың бар болмыс-бітімі мен салт-санасы, атакүлдігіміз бен дәстүріміз қатаң сақталады. Тіпті астрахандық қазақтар жыл басы – Наурыз меркесін мұндағыдан да артық тойлайды. Өзім кәсіподақ ұйымына жетекшілік еткендіктен, ұжымның жауапкершілік жүгін жұмыла көтеретін қасиетін атап айтқым келеді. Осының арқасында ісіміз алға басып, өсіп-өркендеп келеміз. Жақында Астана қаласына барып, магниттік резонанстық томаграфия оқуын үйреніп келдім. Егер осындағы заманауи томограф құрылғысы болмаса, сол алған тәжірибемді жүзеге асыру-асырмауым екіталай еді, - дейді Мейрамгүл.

Бір ұжымда бас қосқан тілі басқа, тілегі бір Алибек Нухов Қазақстанға 2001 жылы Өзбекстан елінің Қоңырат жерінен қоныс аударған. Мұнайлы шаһарда тамырын тереңге жіберген жан өткенге өкінбейтінін айтады.

– Ростов қаласындағы құрылыс техникумында оқып келген соң,  бар білігімді осы жердің игіліне жұмсауға бет бұрдым. Балаларым қазақ топырағында өсіп-жетілді. Бүгінде біреуі шетелдік мекемеде сәулетші-дизайнер, екіншісі Астана қаласында іс-тәжірибеден өтуде. Ал кенжем осындағы қазақ-түрік лицейінен түлеп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Британия университетінде білімін шыңдауда, - дейді ол.

«Қазақпен құда болдық»

Сұхбат беріп сыр ақтарған келесі кейіпкеріміз Олеся Наумоваорыс ұлтының өкілі, қауіпсіздік техникасының инженері. Ол қазақшаға судай, керек десеңіз, қазағыңның өзінен де асырып сөйлейді. Еркін көсілген керемет тіл көркемдігіне куә болып, қайран қалыстық. Леля Федорқызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, төрт бала сүйді. Анасы Самара, әкесі Оренбургтің тумасы, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.

– Мен 1978 жылы қазіргі Теңдікте орналасқан сол кездегі медициналық экспедицияда еңбек еттім. Еліміз тәуелсіздік алған соң, теміржол емханасына ауыстым. Үлкен қызым Ресейде, ал қалғандары осы Түркістанда тұрады. Кейінгі екі қызым қазақ жігіттерімен көңіл жарастырып, тұрмыс құрды. Ал үйдің сүткенжесі ұлым, қазақтың қызына үйленді. Қос күйеу балам, келінім, құдайындай сыйласқан құдаларым, тіпті көрші-көлемге дейін бәрі де қазақ. Ендеше, менің не орыстығым қалады, мен де қазақпын! – дейді жарқын күлкісін жасыра алмаған ана.  

Осында қызмет барысын үйлестіруші координатор, татар ұлтының өкілі Динара Ахматова өзін «Түркістанның татарымын» деп таныстырды. Техник-механик мамандығын оқып, локомотив депосында қызмет қылған ол облыс орталығына ауысып, түрлі мекемеде кадр бөлімін басқарады. Кейін теміржол емханасында тұрақтап, осында он үш жылдан бері жасап келеді.

– Бірі жүргізуші, екіншісі медбике болып адал еңбекпен табыс тапқан әке-шешем бізді қазақ жерінің сұлу табиғатын сүйіп, елдегі тыныштықтың қадірін білуге үйретті. Қазір қызым орыс азаматымен бас қосып, екі тәтті жиенімді дүниеге әкелді. Қаладағы түрлі этно-мәдени бірлестіктердің жұмысына атсалысып, ұйымдастырған шараларынан қалмауға тырысамын. Өйткені әр ұлттың өз киім-киіс, жүріс-тұрысы, әдемі салты мен айрықша дәстүрі бар. Мұны көріп, тамашалаудың өзі бір ғанибет емес пе?! Елімізде тек ұйымшылдық пен береке-бірлік сән-салтанат құрсын дегім келеді, бәріміздің де тілегіміз – осы, - дейді Динара Рамильқызы бізбен әңгімесінде.