АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМДЫ НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?

Түркістанда тұрғындармен кері байланыс жүйелі жолға қойылған.

Фото: баспасөз қызметі

Тұрғындардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, кері байланыс орнату, ашықтық, диалогқа дайын болу – мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдығының бірі. Түркістан облысында тұрғындармен кері байланыс, қоғаммен ашық қарым-қатынас жасау жұмыстары жүйелі жолға қойылған.

Облыс әкімі аппараты тұрақты түрде қала, аудан әкімдері апрарат басшылары, тұрғындар тарапынан түскен өтініштермен жұмыс істейтін бөлім басшыларының қатысуымен жиындар, семинар-кеңестер өткізіп тұрады. Азаматтардың өтініштерінің қаралуы мен мерзімінің сақталуына тұрақты түрде талдау жасалады.

Түркістан облысы әкімінің аппаратына жеке және заңды тұлғалардың тарапынан 7 айдың ішінде түскен өтініштердің қаралуына талдау жасалды. ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарының сақталуы қатаң қадағалауда. Бұл туралы аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен өткен жиын барысында талқыланды.

Осы уақыт ішінде түскен өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй алу, жер алу, білім, әлеуметтік қорғау, құрылыс және денсаулық сақтау салаларының мәселелерін қамтиды. Түркістан, Кентау, Арыс қалаларының және Мақтаарал, Сарыағаш, Жетісай аудандарының тұрғындары белсенділік танытқан. Жыл басынан бері жалпы 37 мыңнан астам өтініш-хаттар түскен.

– Өтініштерге сапалы жауап беру мен қарау мерзімдерінің сақталуы қатаң бақылауда. Кодекс талаптарын сақтай отыра жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштер қаралып, мерзімінде жауап жолданады, яғни қараусыз қалдырылмайды, – деген аппарат басшысы өтініштердің қаралуы бойынша ұдайы оқыту семинарларын жүргізу және жаңа қабылданған мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру туралы тапсырмалар берді.

Жиында жұмыс сапасын жақсартуға бақытталған ұсыныстар қаралды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарға кодекс талаптарын сақтай отыра, өтініштер мен тапсырмалардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету қажет. Статистистикалық деректерді толықтыру сапасы мен өтініштердің қаралуына қатаң бақылау жүргізіледі. Негізсіз басқа мекемеге бағыттау фактілерінің алдын алу мен шешім жобалары бойынша тыңдау өткізу қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, тұрғындар өз өтініштерін egov.порталы, е-otinish бірыңғай базасы арқылы немесе әкімдікке келіп жазбаша қалдырады.

Осы ретте, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау алаңында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев тұрғындарды жеке қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады.

Қоғамдық қабылдауға білім, денсаулық және әлеуметтік салаға қатысты өтінім қалдырғандар қатары басым. Сондай-ақ қабылдауға келген бірқатар тұрғын денсаулық және білім саласындағы кейбір түйткілді мәселелердің оңды шешілуіне ықпал етуін өтінді.

Түркістандық тұрғын Д.Ташекеева мектептен босатылғандығын айтып, қайта жұмысқа орналасуға көмектесуін сұрады. Бейсенбай Дәулетұлы Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нурпейсовке өтініш иесін тұрақты жұмысқа орналастыру үшін бос орындарға конкурс жариялап, заңға сәйкес жұмысқа орналастыруды қарастыру бойынша тапсырма берді.

Ал Жетісай ауданының тұрғыны П.Биматов ауданның орталық ауруханасында 20-30 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан ақ халатты абзал жандарға «Ерен еңбегі үшін» медалін беру туралы ұсынысын жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары аталған ұсыныстың дұрыстығын анықтап, бұл бойынша Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Б.Сатыбалдыға көп жылдық еңбегі бар азаматтаржы марапаттау заң аясында жүргізіліуі керектігін айтты.

Қабылдауда жер мәселесі де көтерілді.

Түркістан облыстық жер қатынастар басқармасына жеке қабылдаудың хаттамасы негізінде өтініш иелерінің мәселесін қарап, айтылған ұсыныстар бойынша жауапты мамандарға тапсырма берді.

Ал, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов кезекті рет өзінің жетекшілік ететін салалары бойынша облыс тұрғындарына жеке қабылдау өткізді. Облыс әкімдігінің кестесіне сәйкес «Ашық әкімдік» кеңсесінде өткен жеке қабылдауға келген тұрғындар сан түрлі мәселе көтерді.

Басым бөлігі тұрғын үй алу, шалғай орналасқан елді мекендерді табиғи газбен және ауыз сумен қамту мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, ауланы жарықтандыру, жол салу, жылу мәселелерін көтерді. Одан бөлек, тұрғын үйді жекешелендіру, кеңейту, газ құбырын орнату, басқа да мәселелер бойынша көмек сұрады.

Зұлпыхар Жолдасов жауапты сала басшыларына тұрғындардың өтініштерін назарға ала отырып, проблемаларды заң аясында шешуді тапсырды. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер хаттамаға енгізілді. Енді оның орындалу барысы басшылық назарында болады.

Жүктелуде...