ТҮРКІСТАНДА ТҮРЛІ ЭТНОС БАС ҚОСТЫ

Түркістан облысын құру жөніндегі жарлықтың шыққанына 4 жылдан аса уақыт болды.

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында аға буынға қолдау көрсету мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Түркістан облысында 180 мыңға жуық зейнет жасындағы қарттарымыз бар. Олар қоғамды дамыту жолында үлес қосты.

Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысын құру жөніндегі жарлықтың шыққанына 4 жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт көлемінде өңірімізде ауқымды жобалар қолға алынды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бірақ жылдар бойы кезең-кезеңімен жалғасатын ең маңызды жұмыс бар. Ол – руханият. Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымы осы мақсатта жемісті еңбек етіп жүр. Әрқашан қарттарымызды құрметтеп, ардагерлерімізді ардақтау арқылы жарқын болашаққа бет аламыз.

Түркістан облысы халқының құрамы саналуандығымен ерекшеленеді, өңірде 50-ден астам этностар мен этностық топтардың өкілдері тұрады. Облыста 11 этномәдени бірлестік (өзбек, славян, түрік, күрд, иран, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, әзірбайжан, грек және «Ынтымақ» этносаралық этномәдени бірлестігі) бар, аудандар мен қалаларда 7 филиал және 14 өкілдік жұмыс істейді.

Түркістан қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің отырысы өтті.

Аталған отырысқа Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдардың, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, “Қоғамдық келісім” КММ-нің басшылығы мен қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Келелі кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев модераторлық етіп, бұл басқосудың ел бірлігін нығайтуда маңызы ерекше екенін атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары азаматтарды ашық әрі еркін пікір алмасуға және сұхбаттасуға шақырды.

Елдік мұраттың сәтті жүзеге асуы халықтың ынтымақ-бірлігіне тікелей байланысты. Бұл орайда, Президент тапсырмасы аясында өңірімізде мемлекеттік бағдарламаларды халыққа кеңінен түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттық топтың жұмысы сәтті жүргізіліп келеді. Осы орайда айтарым, ауылдардағы жастарды мемлекет ұсынған гранттарға тартуды әлі де жандандыра түсу керек. Оның ішінде, отбасына салмақ салмай осындай тегін оқуларға түсіп, тіпті шәкіртақы алуға мүмкіндік бар. Мәселен, былтыр облыс колледждеріне 17 мың грант бөлініп, оның 11 110-ы игеріліп, қалған 5 900 орыны игерілмей, кері қайтарылған болатын.

Ал, aptamedia.kz мәліметінше, биыл республикалық бюджеттен қаралған 15 300 грант 43 колледж арқылы толық игерілді. Өткен жылмен салыстырғанда колледж студенттері 4 мыңға көбейді. Сондай-ақ облыста «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге аса бастады. Биыл жоба шеңберінде Түркістан облысына 20 млрд теңге бөлінді. Оған өңірдегі 16 ауданнан 64 ауылдық округ қатысты. Нәтижесіне қарай жыл сайын қатысатын ауылдар саны артады. Бұдан бөлек, жастардың әлеуетін көтеруге бағытталған «Жастар практикасы», «Серпін» бағдарламалары бар. Осы бағдарламаларды Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктермен күш біріктіре отырып, аудан, қалаларда насихаттауды жалғастыруымыз қажет.

Бірлікке үндеген басқосуда облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Сұлтанов, облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Сейдулла Садықов, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев, облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының жетекшісі Ерсұлтан Әмірбек атқарылған жұмыстар бойынша мазмұнды баяндама жасап, алдағы жоспар-жобаларымен бөлісті.

Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында өңірімізде қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайтуға белсенді үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Оларға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың Алғыс хаты табыс етілді.

Еске сала кетсек, Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында таяуда Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында «Достық үйі» ғимаратының алғашқы кірпішін қалау рәсімі өтті. 4 қабатты ғимараттың құрылысы 2024 жылы қараша айында аяқталып, пайдалануға берілмек.

Түркістан төріндегі бұл іс-шараның азаматтық қоғамды дамытуға ықпалы мол деп есептеймін. Өңірдегі азаматтық қоғам институттары отаншылдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың саны 2018 жылы 400-дей болса, биыл 611-ге жетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтық қоғам институттарына, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметтеріне аса зор маңыз беріп отыр. Нәтижесінде жыл сайын үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау қаржысының көлемі арта түсуде.

Сонымен бірге облыстағы бірқатар үкіметтік емес ұйымдар шетелдік қорлардың гранттарын жеңіп, түрлі бағыттарда жұмыстарын жүргізуде.

Жүктелуде...