ЗОРЛЫҚ ТҮБІ – ҚОРЛЫҚ...

Жібек жолы ауылдық округінде жастар тарапынан түсінбеушілік болған.

Фото: ru.freepik.com

Түркістанда зорлық-зомбылыққа қарсы күрес пен алдын алу шаралары тынымсыз жүргізіліп келеді. Әйтсе де, соңғы кезде жиі орын алып жүрген жаға ұстатар жайттар да жоқ емес.

Мәселен, Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Жібек Жолы ауылындағы екі үйге жүзден аса адам шабуыл жасаған. Соның салдарынан 7 адам жараланған дейді ауыл тұрғындары. Бұл туралы stan.kz мәлім еткен болатын. Ақпартты ауыл әкімдігі де растады. Олардың мәліметінше, шабуылдаушылар 100 емес, 50 адам болған.

- Жібек жолы ауылдық округінде жастар тарапынан түсінбеушілік болған. Кешке жастар арасында әлеуметтік желіде қазақ қызды зорламақшы болды деген ақпарат тараған. Содан кейін жастар дүрбелеңге түскен. Дегенмен ауыл үлкендері дер кезінде алдын алып, келеңсіз оқиға болған жоқ. Ешкім жараланбады. Қылмыстық іс қозғалды. Жалған ақпарат тарату бойынша бірнеше азамат тергеліп жатыр, – деді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев.

Үйіне зақым келген тұрғындар қандай да бір жауап беруден бас тартты. Жәбірленушілердің үйінің есіктері сынғанын байқауға болады. Дүрбелеңге куә болдық деген өзге тұрғындар оқиғаның қорқынышты болғанын айтады. Сөйтіп үйінен шықпаған жұрт көшеге бір сәтте жүзден астам адамның келгенін мәлімдеді. Үлкен көліктермен жеткізілген жас жігіттер темірмен ұрып, өзге ер адамдардың қолын сындырып, бірінің басын жарған дейді. Сөйтіп бас-аяғы 7 адам жараланғанын айтады. Қала берді, осы оқиғадан кейін 3 күн бойы ауылда не байланыс, не интернет болмапты.

- Өзім үйімнен шықпадым. 100-дей адам топалаң көтерді. Не болғанын да түсінбей қалдық. Қамсыз отырған едік. Полицейлердің де қауқары жетпей қалды, – дейді ауыл тұрғыны.

Жібек жолы ауылындағы дүрбелең 14 жастағы қызға 11-сынып оқушысы тиісті деген хабардан соң басталған. Тұрғындар гүл дүкеніне келген қызға жігіттің қырындағанын айтады. Ол қыздан телефон нөмірін сұраған. Ал дау жігіт қызды зорламақшы болды деген ақпараттан соң туған. Тұрғындардың айтуынша, жігіттің туыстарының үйіне шабуыл жасалған. Ал жігіттің өзі қазір қамауда отыр. Жанжалдан кейін қамауға алынғандардың тағы бірі – 19 жастағы Тимур Ергешов. Олардың бәрінің үйі маңында полицейлер тұр.

Баламды құзырлы орган өкілдері жұмыс орнынан алып кеткен. Бесінші күн болды жатқанына. Әлі көрсетпейді. Кіруге болмайды дейді. Өз баламды өзіме көрсетпей жатыр бұлар. Күнде барып келемін. Ертең кел, ертең кел дейді. Не істесе де мойнымен көтерсін. Бұл жерде 30-40 бала бар. Бірақ бір ғана менің баламды қамап тастаған. Шындық жоқ бұл жерде, – дейді Тимур Ергешовтің әкесі Еркін Андакулов.

Айта кетейік, әкімдік ауылда 17 ұлт өкілі тұратынын мәлімдеді. Олардың басым бөлігі – қазақ, өзбек, әзербайжан. Оқиғадан соң ауылда штаб да құрылып, облыс әкімдігінің жауаптылары да келген. Қазір ауылды құқық қорғау өкілдері бақылап жүр.

Тұрғындар жәбірленген әзербайжан ұлты өкілдерінің Әзербайжан Республикасының консулдығынан көмек сұрағанын айтады. Осыдан кейін Сарыағаш ауданының Жібек жолы ауылындағы 16 жастағы мектеп оқушысы «Зорлау» және «Қылмысқа оқталу» күдігімен, ал 19 жастағы жігіт «Бұзақылық» бабымен қамауға алынды.

Түркістан облысын дүр сілкіндірген тағы бір қайғылы оқиға 30 маусымда болған. Дүкенде сатушы болып жұмыс істейтін қыз әдеттегідей аудан орталығына кеткен. Кешкісін жұмыстан шыққан соң жігіті күтіп алыпты. Алайда 18:30-дар шамасында сүйіктісінің көлігіне отырған Дильмура Ергинова үйіне сол күйі жете алмады.

Үйіне уақытында қайтпаған қыздарын ата-анасы бірден іздеуге көшкен. Айтуларынша, бойжеткеннің мұндай әдеті болмаған. Жан-жақтың бәрін шарлаған жақындары Дильмурамен сөз байласқан жігітінің де туыстарына хабарласыпты. Олар ұлдарының үйде ұйықтап жатқанын айтып, даурықпады дейді марқұмның отбасы.

Мен жігіттің қарындасына хабарластым. Ол ағасының үйде ұйықтап жатқанын айтты. Ал, ата-анасы тойда болған екен. Бізге тек түн ішінде хабарлады. Қызымыз сол үйдегі гараж ішіндегі көліктен өлі күйінде отыр екен, – дейді марқұмның туған әпкесі.

Қыздың отбасына марқұмның иіс тиіп жан тапсырғанын естіртіпті. Оған да көндік деген қаралы жанұя бар сұмдық денені мәйітханадан алып келген соң басталғанын айтады. Сөздерінше марқұмның денесі көгеріп, бет-аузының бәрі қан болған.

Мен мәйітті жууға кірдім. Куәгермін. Аузына қан толып қалған екен. Маңдайы да, беті де ісіп кеткен. Жамбасында тістің ізі тұр. Қолы да, мұрны да сынған. Сіңіліміз арын сақтау үшін жанталасқан сияқты, – дейді марқұмның әпкесі Малахат Құрбаналиева.

Осылай деген Дильмураның отбасы екі рет сараптама жасалғанын айтады. Екеуінің де нәтижесінде қыз иіс тиіп жан тапсырғаны анықталыпты. Осыған сенбеген Құрбаналиевтер қайтадан сараптама жасаттық дейді. Әзірге қорытынды белгісіз екенін жеткізді.

Студент қыздың жұмбақ өліміне күдікті де табылды. Ол 19 жастағы көрші ауылдың тұрғыны. Марқұммен бір жылдан бері сөз байласып жүрген жігіт оған үйленуді де жоспарлаған дейді. Бірақ неге екені белгісіз сүйіктісінің өліміне қатысты күдікті ретінде тұтқынға алынды.

- Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда, – дейді Түркістан облысының полиция департаменті.

Осылайша биыл ұзатылғалы отырған Түркістан облысы, Сайрам ауданының 19 жастағы тұрғыны жер қойнына тапсырылды. Дильмура Ергинованың өліміне не себеп болғаны тергеп-тексеру жұмыстарынан кейін бір-ақ белгілі болмақ.

Жүктелуде...