Қызылордада 21 «жайлы мектеп» бой көтермек

Биыл 1-сыныпқа 17 383 бала қабылданды.

Фото: gov.kz

Ел Президенті алға қойған міндеттерге сәйкес аймақта бала болашағына, мұғалім мәртебесіне бағытталған қолдау шаралары өз нәтижесін беруде, – деп хабарлайды newsroom.kz

Мәселен, Қызылорда облысын аслақ, мұнда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салу жоспарланған. Оның 10-ның құрылысы биыл аяқталса, 11-і келер жылы пайдалануға беріледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесіне ерекше тоқталып: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз» деп міндеттер қойды.

Бұл ретте, өңірде «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты, балаларды қосымша біліммен қамту үлесін арттыру мақсатында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен заманауи Оқушылар сарайы, жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданында 200 орындық Оқушылар үйі және 50 орындық Өнер мектебі салынуда.

Сол жағалауда «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледж ғимаратының іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында биыл облыс орталығынан «Шығармашылық академиясының» құрылысы басталды.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шиелі ауданында 100, Жаңақорған ауданында 150 орындық мектептер ел игілігіне табысталды. «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы, жергілікті бюджет есебінен Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудандарындағы, Қызылорда қаласындағы білім беру ұйымдары жанынан қосымша құрылыстар салынды. Сонымен қатар, демеушілік есебінен Арал ауданының Тоқабай және Ақшатау ауылдарындағы мектептер пайдалануға беріледі.

Осы жылы оқушылардың қолайлы ортада білім алуын қамтамасыз ету мақсатында сегіз мектеп ғимараты күрделі жөнделді. Оның бесеуі Қызылорда қаласында, үшеуі Жаңақорған, Сырдария, Жалағаш аудандарында. Мыңдаған шәкірт қайта жаңғыртылған алтын ұяларында жаңа оқу жылын бастады. Өткен жылы облыстағы 330 мектепте 181 804 оқушы болса, биылғы оқу жылында 184 924 оқушы бар, бала саны 3 120-ға артқан. Биыл 1-сыныпқа 17 383 бала қабылданды.

 

Жүктелуде...