Сыр елінде биылғы оқу жылы тың серпін, зор серпіліспен басталды десе де болады, – деп хабарлайды newsroom.kz
Жергілікті жердегі білім беру ұйымдары, оның ішінде балабақша, мектеп, колледждердің білім беру сапасына білім басқармасы ғана емес, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері де тікелей жауапты. Мұны аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы да үнемі ескертумен келеді. Сондықтан Президент тапсырмалары сапалы әрі жедел орындалуы қажет-ақ. Бұл ретте, өңірде бірқатар жаңа жобалар мен батыл бастамалар қолға алынуда. Бұл туралы бізге облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов айтып берді.
– Өткен жылы үш ауысымға көшуі мүмкін мектептер мәселесін қосымша ғимарат салу арқылы толығымен шештік. Ол өз кезегінде тиімділігін көрсетті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен төрт, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен екі және жеке демеуші есебінен тағы бір мектептің мәселесі шешіледі. 2025 жылы аймақта бірде-бір апатты мектеп болмауы тиіс. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасы, облыстық білім басқармасы жұмысының басым бағыттарының бірі.
Облыстық полиция департаменті білім басқармасымен бірлесіп, бейнебақылау камераларының жай-күйі мен жедел әрекет ету орталығына қосылуына қатысты мәселені үнемі бақылауда ұстап отырады. Сонымен қатар, мектепте берілетін тамақ сапасы да ұдайы қадағалауда. Жыл сайынғы «Мектепке жол» дәстүрлі акциясы биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды, - дейді ол.
Жылу маусымына әзірлік барысында 251 мектептің жылу батереялары жуылып-тазаланды. Қатты отынның қажетті қоры – 20 321 тонна, қазір мектеп қоймаларында 13 800 тоннасы бар. Сұйық отын бойынша қажетті 13 065 тоннаның 2500 тоннасы резервуарларда. Газбен жылытылатын мектептер саны – 52. Барлығында келісім-шарт жасалған.
Тағы бір қуанышты жаңалық, күні кеше ғана Жаңақорған ауданының Байкенже ауылында 150 орындық мектеп пайдалануға берілген болатын. Оны облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың өзі ашты. Аймақ басшысы жұртшылыққа ізгі тілегін білдіріп, ауыл тұрғындарының игілігіне арналған жаңа ғимараттың пайдалануға берілуімен қызу құттықтады.
«Президентіміздің, Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында соңғы жылдары білім саласында маңызды жобалар жүзеге асырылып, заманауи жаңа білім ошақтары көптеп бой көтеруде. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңге болса, бүгінде 733 млрд. теңгеге жетті. Бұл қаражат ірі инфрақұрылымдық жобаларға, жол салуға, ауыз су, электр, газ желілерін жеткізуге, ескілерін жаңартуға, сөйтіп тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды. Әлеуметтік жобалар да назардан тыс қалмай, мектептер, қосымша білім және тәрбие беру орталықтары, емдеу мекемелері, мәдениет нысандары салынуда. Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд. 100 млн. теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,8 пайызын құрады. Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 21 мектептің 10-ының құрылысы биыл аяқталады, тағы 11 мектеп келер жылы пайдалануға беріледі. Оның екеуі Жаңақорған ауданында бой көтереді. Ал, бүгінде пайдалануға берілген мектеп құрылысы былтыр басталған еді. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 936 млн. теңге қаралды» деді Нұрлыбек Машбекұлы.