Париж Олимпиадасында чемпион атанған Елдос Сметов журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында алған сыйлықтарын кімге үлестіргенін айтты, деп хабарлайды newsroom.kz
Мысалы, ақтөбелік танымал кәсіпкер Әнуар Маханов Елдосқа 100 жылқы тарту еткен. «100 жылқыны туған екінші ағам бар, соған беретін болдым», – дейді Олимпиада чемпионы.
Ал Жамбыл облысының әкімдігі мен жергілікті демеушілер бірігіп Lexus LX 600 көлігін мінгізген.«Ол көлік қазір үйде. Мен оны әкеме сыйладым», – дейді спортшы.
Сондай-ақ соңғы жылдары Сметовті қолдап жүрген Forbes тізіміндегі бизнесмен Жұмабек Жанықұлов Mersedes көлігін берген.«Бұл көлікті өзім жүргіземін. Нөмірі менің өнер көрсеткен салмағыма лайықталған (060), – дейді чемпион.
Париж Олимпиадасының жеңімпазы Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында туған. Жерлестері де оған Haval 6 көлігін мінгізген.«Бұл көлікті мені бес жасымнан бастап тәрбиелеген, спортқа махаббатымды оятқан Ахмет Жұмағалиға сыйладым. Ол кісінің жасы қазір -74-те», – дейді Елдос Сметов.
Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімдігі демеушілермен бірлесіп, бес бөлмелі пәтер сыйлаған. Ол өзінде қалды. Ал демеушілер берген екі бөлмелі пәтерін жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке тарту еткен.
Жамбыл облысының дзюдо федерациясының президенті арыстанның терісін берген, оны спортшы досына сыйлапты.