«ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ»: ОЛ ҚАНДАЙ?

Бүгінде елде орын алып жатқан оң өзгерістің бәрі де халық үніне құлақ асатын мемлекет екенімізді көрсетеді.

Фото: Акорда

Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген алғашқы күндерден бастап «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Бұл қаншалықты жүзеге асып жатыр және елімізде азаматтық қоғамның дамуына қаншалықты ықпал етпек?

Осы және өзге де сауалдарға саяси ғылымдар докторы, профессор Сайын Борбасов El.kz-ке берген сұхбатында жауап берді.

- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – қандай мемлекет?

- Жалпы, бүгінде елде орын алып жатқан оң өзгерістің бәрі де халық үніне құлақ асатын мемлекет екенімізді көрсетеді. Әділеттіліктің бәрі осында. Айталық, шахталарда үлкен апаттар болды. Павлодар облысында бір автобус жер астына құлап, қанша адам қаза болды. Соны төрт ай іздеп, ақыры тапты. Соның өзі биліктің халық сөзіне құлақ асқанын  байқатады. Қанша ақша жұмсаса да, денелерін шығарып, туыстарына табыстады.

Шығыс Қазақстанда ормандарды өртеген адамдарды ұстапты. Ол да халықтың болашағы үшін керек. Қарағайлы орман – ерекше табиғат жарылысы. Әлемде сирек кездеседі. Оны отап, сатып жүрген – билік емес, жұмыртқадан жөн қырыққан бизнесмендер, өзіміздің халық. Осыны жөндеу, қайта қалпына келтіру – оңай шаруа емес. Ауызды қу шөппен сүртіп, билікті жамандай беруге болмайды. Біраз шаралар жасалып жатыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес біздің мемлекеттіміздің басты міндеті болуы тиіс. Бізде көзбояушылық көп. Мұны жасап жатқан – жергілікті биліктің өкілдері. Жолдарды өтірік жөндейді, жымқырады. Мысалы, бір ауданда мектептерге тиесілі миллиардтаған ақшаны жеп қою деген сұмдық нәрсе.

Ең бастысы – олигархтар заңсыз жинап алған ақшаны елге қайтару. Ең төменгі есеп бойынша, 400 миллиард доллар қаражат шетел асқан. Қазақстанның бір жылғы бюджеті миллиард доллар көлемінде. Яғни, шетелдегі ұрлықы ақшаны қайтара алсақ, төрт жыл бойы жұмыс істемей отыруға болады. Ал кейбір деректер бойынша, 1 триллионға дейін қаражат шетке кеткен. Бұл ақша қайтарылса, Қазақстан халқы шаш етектен байып кетуші еді.

Мемлекет қол қусырып отырған жоқ. Қазіргі билік бұл қаражатты қайтаруға күш салып жатыр. Арнайы комиссия құрылды. Жұмыс жасап жатыр. Бірақ әзірге дейін 2-3 миллиард доллар көлемінде ғана ақша қайтарылып отыр. Бұл жұмысты әлі де болса, тиімдірек жүргізуге болады.

Ресейде Шойгудың орнына жаңа Қорғаныс министрі келді. Андрей Белоусов деген азамат. Ресейдің қаржы жымқырған шенеуніктеріне қырғидай тиіп жатыр. Ақша жегендерді әшкерелеп, ақшаны қайтарып алуда. Өзі де таза адам болса керек. Мемлекеттік Думада лауазымды шенеуніктердің, олигархтар мен депутаттардың балаларының қалай Батыс елдерінде: Парижде, Лондонда сауық сайран салып жүргенін атап көрсетті. Ал қарапайым халықтың балалары соғысқа атанып жатыр. Бұл әділдік пе?

Осындай науқан бізге де ауадай қажет. Бізде де байлардың балалары шетелде демалады, шетелде оқиды. Шетелде кім оқу керек? Дарынды балалар оқу керек. Ал байдың балалары баллы жетпесе, жергілікті оқу орындарының ақылы бөлімінде оқуы тиіс.

-  «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» қағидасы жария етілуде. Қуатты парламенті бар президенттік республика идеясына деген пікіріңіз қандай?

- Әрине, кез келген мемлекеттік билік имиджін жақсарту үшін түрлі идеялар көтереді. Халықтың алдында жақсы қырынан көрінгісі келеді. Көтерілген идея – өте дұрыс. Қолдауға тұрарлық.

Бірақ парламент ілкімді болмай тұр. Іліп аларлық 10-15 депутат қана бар. Шындықты шырылдап айтып жүрген Ермұрат Бапи, Бақытжан Базарбек, Ринат Зайытов, Жұлдыз Сүлейменова деген депутаттарды осы санатқа қосамын. Бұрын министр болған Асхат Аймағамбетов секілді азаматтар бар. Қалғандары – баласт. Жоғарыдан не айтылса, бас шұлғып орындап отыра береді. Облыс әкімі, министр болғандар парламентке отырып алған. Бұл дұрыс емес. Сондықтан парламентке мажоритарлық жүйе бойынша бүкіл халық сайлайтын депутаттар келуі керек тәрізді. Парламентке белсенді, заңды білетін заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар отыруы қажет.

Парламент – басқарушы элитаның кадрлық резерві. Әлемдік тәжірибеде парламентте келіп, депутат болып, қоғамдағы құбылыстарды түсініп алған тұлға ғана министр болып қызмет жасайды.  Мұны элита циркуляциясы дейді. Бізде бұл жағы кемшін. Бір элита қалып қойса,  халықтың байлығын соруға ұмтылады. Назарбаев кезеңі мұны жақсы көрсетіп берді. Қазір біршама қозғалыс бар. Бірақ аздау. Билік әлі де сақтық танытатын сияқты. Жақсы жақтарымыз да бар, бірақ кемшілік көп. Олқылықты дереу түзеп отырған жөн. Әйтпесе, құрдымға кетуіміз ғажап емес. «Ауруын жасырған өледі» деп қазақ бекер айтпаған.

- Азаматтардың  мемлекеттік шешімдерге қатысу мүмкіндігі бар ма?

- Бұл мәселеге қатысты бір мысал айта кетейін. Атом электр стансасы саламыз дейді. Өз басым бұған қарсы емеспін. Бірақ озық технологиялармен салынсын. Мәселен, Жапония, АҚШ және Германия секілді елдерге салғызуға болады.

Бірақ технологиялық жағынан артта қалып қойған елдерге сеніп тапсыруға болмайды.

- Азаматтардың мемлекеттік шешімдерге қатысуының бір көрінісі – референдум. Билік бұл мәселеге қатысты референдум өткізуге уәде беріп келеді. Бұл да халықпен санау емес пе?

- Демократияның басты принципі – дұрыс сайлау өткізу. Берілген дауыстардың әділ есептелуі. Сонда ғана халықтың билікке деген сенімі күшейеді. Бұл – демократияның қағидаты. Бүкіл әлемде солай.  Сайлау нәтижесі бұрмаланса, қоғам түзелмейді. Мұны ойдан шығарғаным жоқ, бұл – халықаралық тәжірибе.

Автомобильдің басқа қозғалтқышын жасауға болады. Бірақ қоғамды басқарудың басқаша тәсілін жасай алмайсың. Басқарудың ең ойтайлы түрі – демократия. Әлем елдері түрлі формацияларды бастан өткеріп барып, соңында осыған тоқталды. Ал демократия әділ сайлаудан басталады. Бұдан бөлек, заңның үстемдігі, биліктің халық алдында есеп беруі, жергілікті әкімдердің сайлануы, депутаттардың дұрыс сайлануы – демократияның сегменттері. Бір сегменті бұзылса, демократия дұрыс болмайды. Азаматтық қоғамның ұйымдары арқылы билікке ықпал жасап отыруы тиіс. Одан басқа тетіктер жоқ.

- Азаматтық қоғамның дамуына әңгімемізді бұрайық. Партиялық жүйенің, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақ ұйымдарының жұмысына баға беріп өтесіз бе?

- Бір өкініштісі, бізде халықтың ішінен қайнап шыққан партиялар жоқтың қасы. Саяси партиялардың көбі – жасанды екені белгілі. Бізде билікке бір келген топ орнынан кеткісі келмейді. Тоқаев бір мезгіл ғана отырып, баршаға үлгі көрсетуге уәде беріп отыр.

- Сонда бізде азаматтық қоғам әлсіз бе?

- Сайын Борбасов: Әрине, азаматтық қоғам керек. Партиялық жүйе керек. Бірақ бұрмаланбауы тиіс. Партия туралы заңдар қабылданса, соның негізінде партиялар жұмыс істеуі керек. Бұрын бізде партия құру үшін жүз мың адамның дауысын жинау талап етілетін. Қазір біршама оңайлады. Қазір елу мың адамның дауысы қажет. Меніңше, бұл да көп. Партия құру үшін бес мың адамның дауысы жиналсын. Бес мың адам да – халықтың бір бөлігі. Мәселен, Италияда жүз шақты партия бар. Одан ешкім зиян шегіп отырған жоқ. Ультраоңшыл көзқарастағы Джорджа Мелони деген әйел адам билікке келді. Ол елді қандай тамаша басқарып отыр. Италияның экономикасы дамып, гүлденіп жатыр. Мұның бәрі дұрыс басқарудың арқасында болып жатқан жайт. Билік қоғамды дұрыс басқарса, өркендеу болады. Ал елді дұрыс адам басқару үшін әділ сайлау керек.

АҚШ-тағы сайлауда Камала Харрис пен Дональд Трамп екеуі қатар келе жатыр. Әлеуметтік зерттеулер бойынша, Камала Харис сәл ғана басымдыққа ие болған. Президенттік сайлау осындай болуы тиіс. Иранның да президент сайлау әділетті өтті. Билік партиясының 70-90 дауыс алуы дұрыс нәрсе емес. Бұл әкімшілік ресурстарды пайдаланып жатқанының белгісі.

Әділетті Қазақстан осындай келеңсіздіктерден арылады деп сенейік.

Жүктелуде...